Жәнібек Әлімханұлы барша жұртқа алғыс білдірді
Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы бүгінгі жеңісінен кейін, өзінің Инстаграмдағы парақшасында халыққа алғысын жеткізді, деп жазады Prosports.kz
«Бұл - менің емес, елдің жеңісі! Ер – елдікі! Төккен тер ақталып, еңбек жемісін берді. Сіздердей тақым қысар ағайынның барына, Құдайға шүкір. Артыңда елің, қасыңда досың болмаса жалғыздың шаңы шықпайды. «Мен» деген сөз, <span>«</span>өзім» деген сөзден аулақпын. Осы жеңісте әрқайсыңыздың үлесіңіз бар. Сіздердің қолдауларыңыз демеу, тілеулеріңіз қуат, болысқандарыңыз - күш. «Жәнібек чемпион болады, осы бала бокс жұлдызы болады» деп сенім артып отырғандарыңызды жақсы түсінемін. Сіздердің бұл сенімдеріңіз - үлкен жауапкершілік. Біздің де мақсатымыз - әлемге қазақ стилін танымал ету, 4 салмақта әлем чемпионы болу. Осы белеске сіз болып, біз болып жетеміз, бұйырса. Осы жекпе-жекке дайындалуға көмегін берген барлық спарринг қарсылстарыма, бапкерім Баддиға, менеджерім Эгисқа, промоутерім Бобқа алғыс айтамын. Сондай-ақ жаттығу базасындағы шығындарымызды көтеріп, қолдау көрсеткен «Tas group» басшысы Дулат Тастекеевке де көп рақмет. Істері берекелі болсын. Рингте жалғыз жұдырықтасқаныммен, бокс - командалық спорт түрі. Сіздер де біздің командамызсыздар, құрметті жанкүйерлер! Біз әлі 30 күн ойын, 40 күн тойын жасайтын үлкен жеңістерді бірге тойлаймыз, бұйырса!», деп жазды Әлімханұлы.