Басқа

Тамыз айында спортшыларымыз төрт әлем чемпионатына қатысады

news-banner7
mobile-news-top

Тамыз айында қазақстандық спортшылар төрт бірдей әлем чемпионатында бақ сынайды. 10 тамыз күні Жапонияның Хатиодзи қаласында спорттық құзға өрмелеуден лицензиялық әлем біріншілігі басталды.

Ал 21-25 тамыз аралығында Венгрияның Сегед қаласында байдарка мен каноеде есуден әлемдік сын жеңімпаздары анықталады.

24 тамызда Австрияның Линц қаласында академиялық есуден, 25 тамызда болашақ Олимпиада астанасы Токиода дзюдодан әлем чемпионатының шымылдығы түріледі. Аталған әлемдік додаларға Қазақстан командасының дайындығы қандай? Жолдама мен медаль алу мәселесі қалай шешілмек? Olympic.kz команда бапкерлерінің пікірін назарларыңызға ұсынады.

Спорттық құзға өрмелеу

Хатиодзи қаласында өтетін спорттық құзға өрмелеуден әлем чемпионатында тұңғыш рет Олимпиада ойындарының жолдамасы таратылады. Команда бапкері Сәуле Ысқақованың айтуынша, Олимпиада лицензиясы көпсайыс бойынша сарапқа салынады. Сондықтан, көпсайысшыларға басымдық беріліп отыр.

Байдарка мен каноеде есу

Бүгінде байдарка мен каноеде есуден Қазақстан командасы Чехияда оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Құрама бас бапкері Андрей Шантарович әлем чемпионатына қатысатын спортшылар тізімін әлі жариялаған жоқ. Венгриядағы әлемдік сында төрт адамдық байдаркадан Олимпиада жолдамасы сарапқа салынады. Бұл бәсеке бойынша қосымша лицензиялық турнирлер өтпейді. Сондықтан, төрт адамдық байдаркашылар мойнында үлкен міндет тұр.

Академиялық есу

Спорттың бұл түрінен командаға жаңа бапкер тағайындалды. Владимир Белоногов академиялық есуден ұлттық құрама тізгінін биылғы қаңтар айында ұстаған болатын. Жаңа бапкер команданы жаңа әдіспен жаттықтыруға көшті. Бүгінде академиялық есуден Қазақстан командасы еуропалық әдіспен жаттығуға көп көңіл бөлуде. Десе де, бас бапкер әлем чемпионатында жолдама мен жүлдеге таласа алмайтынын ашық айтты.

Академиялық есуден әлем чемпионатында бақ сынайтын спортшылар:

Владислав Яковлев (2000 метр, жекелей сын), Светлана Германович (2000 метр, жекелей сын), Михаил Таскин, Анастас Шашков (2000 метр, жұптық сын), Евгений Тацей, Даниил Савченко (2000 метр, жұптық сын, жеңіл салмақ), Мария Чернец, Алина Климентьева (2000 метр, жұптық сын, жеңіл салмақ), Алина Мочула (2000 метр, жекелей сын, жеңіл салмақ)

Дзюдо

Дзюдошылар додасы отандық жанкүйерлер асыға күткен бәсекелердің бірі. Себебі, спорттың бұл түрінен жүлдеге үмітті балуандарымыз жоқ емес.

Дзюдоның түп атасы саналатын жапон жерінде әлем чемпионы (2015), Олимпиада ойындарының (2016) күміс жүлдегері Елдос Сметов, әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2018) Ерлан Серікжанов, Азия ойындарының чемпионы (2018) Дидар Хамзалар юақ сынайды.

2019 жылы Токиода өтетін дзюдодан әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан командасы:

60 келі: Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбаев
66 келі: Ерлан Серікжанов, Елдос Жұмақанов
73 келі: Жансай Смағұлов
81 келі: Дидар Хамза, Руслан Мұсаев
90 келі: Ислам Бозбаев
100 келі: Айбек Серікбаев

Аралас командалық сын:
73 келі: Серік Ақылбек
90 келі: Ислам Бозбаев
+100 келі: Ерасыл Қажыбаев

Түпнұсқасы: olympic.kz Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер