Әлішер Жұмақан: Олимпиада жолдамасын алатын мүмкіндігім бар
Тректегі велоспорттан Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан Қазақстанның бесінші жазғы Спартакиадасында Әлішер Жұмақан екі рет жеңістің ең биік тұғырынан көрінді. Ол 120 айналымнан тұратын топтық жарыста және төрт шақырымдық із кесу сынында жеңімпаз атанды. Olympic.kz сайтына сұхбат берген спортшы төрт жылда бір келетін жарысты қорытындылап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
«Қазақстан Спартакиадасы төрт жылда бір өтетін мәртебелі турнир. Аталған сынға еліміздің үздік спортшылары тегіс қатысты. Қатысушылардың деңгейі де, дайындығы да жоғары. Сондықтан, жеңіске жету оңай болған жоқ. Жалпы, биылғы маусым мен үшін жақсы өтуде. Жыл басынан бері бірнеше халықаралық турнирде жүлдегерлер қатарынан көріндім. Азия чемпионатында күміс және қола жүлдегер атансам, маусым айында елімізде өткен Silk Way Series турнирінде жеңіске жеттім. Мәскеуде өткен Гран-при кезеңінде қола медаль иелендім. Мұның бәрі спортшыға жігер берері сөзсіз», - дейді ол.
Әлішер Жұмақан 2020 жылғы Токио Олимпиадасының жолдамасынан үмітті екенін де жасырған жоқ.
«Олимпиада ойындарына омниум, мэдисон және командалық жарыста лицензия алатын мүмкіндік бар деп ойлаймын. Дегенмен, омниум әлдеқайда қиын. Мұнда Олимпиада жолдамасы әлем бойынша 18 спортшыға ғана беріледі. Десе де, омниум мен мэдисон бойынша лицензия ұтып алуға тырысамын. Спорттың бұл түрі әлемде қарқынды дамыған. Әсіресе, қазіргі таңдағы рекорд иелері австралиялық спортшыларды үлгі тұтамын», - дейді Әлішер.