Шавкат Рахмонов: UFC-ге ауысқанымды әлі сезінбедім
M-1 Global компаниясының қазіргі чемпионы 24 жастағы Шавкат Рахмонов атақты ұйым - UFC компаниясымен келісімшартқа қол қойған Қазақстанның алғашқы спортшысы атанды.
Шавкат америкалық жетекші промоушенмен бір жарым жылға және төрт жекпе-жекке келісімшарт жасасты.
Бұл күндері Рахмонов туған қаласы Көкшетауда жаттығып жатыр. UFC аясында бірінші жекпе-жегін файтер жылдың аяғында өткізуді жоспарлап отыр.
Prosports.kz сайтына берген эксклюзивті сұқбатында Шавкат мансабындағы басты оқиғадан алған әсерімен бөлісті.
- Шавкат, сізді әлемнің жетекші промоушеніне өтуіңізбен құттықтаймыз. UFC-ге ауыстыңыз, қандай сезімдесіз?
- Барлығы құттықтап жатыр, мен қуаныштымын. Бірақ, UFC октагонында жалауымызды желбіреткен кезде ғана бәлкім, UFC-ге ауысқанымды сезінетін шығармын.

– Сіз UFC қатарына қосылған алғашқы қазақсттандық спортшы атандыңыз. Бүкіл әлемді елімізді таныстырасыз, бұл тұрғыда сізге қиын емес пе?
– Әрине, жауапкершілік үлкен, бірақ қиын болады деп ойламаймын. Мен үшін ең бастысы - жекпе-жекті жақсы деңгейде өткізуге ұмтылу. Басқа еш нәрсе де ойламаймын.
– UFC-де мүлдем басқа деңгей. АҚШ-та жаттығуды қашан бастауды жоспарлап отырсыз және қандай залда?
– Алдымен бапкерім Баян Жанғаловпен Қазақстанда, яғни Көкшетауда және Алматыда дайындалатын боламыз. Біздің Be Strong промоушен АҚШ-та жаттығу лагерін ұйымдастыру бойынша жұмыс істейді. Менің салмағымда күшті балуандар қай жерде жаттығып жатыр, іздестірудеміз.

– UFC-де салмақ тастау, салмақ қосу деген мәселе бар. Бұл сіз үшін қиындық туғызуы мүмкін бе?
– Мен үшін салмақ тастау қиын емес.
– Сіз UFC-ге дейін ұзақ жолдан өттіңіз. Мансабыңыздың басында осындай элиталық лигада өнер көрсетем деп ойладыңыз ба?
– ММА-дің кез-келген файтері сияқты, мен де оған түсуді армандадым. Бірақ армандау аз, бұл үшін бірдеңе істеу керек. Менің ойымша, басқа да қазақстандық спортшылар жақын арада UFC қатарын толықтырады деп үміттенемін.
– Сіздің келісімшартыңыз Қазақстандағы ММА-ның дамуына оң әсер етеді деп ойлайсыз ба? Мемлекет аталмыш спорт түріне назар аудара ма?
– Мемлекет әуесқойларға көмектеседі, ал кәсіпқойларға өздері қаржыландыру көздерін іздеуге тура келеді. Менің жарнамалық келісімшарттар жасайтын және қаржылық көмек көрсететін командамен жолым болды. Бірақ, мемлекет кәсіпқойларға да назар аудару керек.

– Сіз үшін не қиын: өз Отаныңызда өнер көрсеткен бе әлде шетелде ме?
– Ешқандай айырмашылық жоқ. Әрине, басқа елде климатпен қиындау. Бірақ, біз алдын ала жекпе-жек мерзімі мен өтетін орны туралы білеміз, сондықтан дайындықта барлық нюанстарды ескеретін боламыз.
– Қашан біздің файтерлер UFC-ге ауысады?
– UFC-те қазақстандықтар көп болса, мен тек қуаныштымын. Бірақ бәрін уақыт көрсетеді.
– UFC октагонында сізді қашан көреміз?
– Бірінші жекпе-жек қараша-желтоқсан айларына жоспарланған. Нақты күн мен қарсылас кейінірек белгілі болады.
Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың наурыз айында Алматыда өткен M-1 Challenge 101 турнирінің басты кездесуінде Шавкат жартылай орта салмақтағы чемпионның бос белбеуі үшін Ресей спортшысы Данила Приказамен кездескен болатын. Мерзімінен бұрын жеңіске жеткен Шавкат Рахмонов Қазақстанның M-1 бірінші чемпионы атанды. Ағымдағы жылдың маусым айында Нұр-Сұлтан қаласында Бразилиядан келген Тиаго Варежао Ласередоға қарсы титулды жекпе-жекті сәтті қорғады.
Енді Рахмонов Ultimate Fighting Championship аясында ММА-дің жаңа шыңдарын бағындырады.