Мубеле: Еуропа Лигасы ойынында жеңіс үшін барымызды саламыз
«Шахтер» - «Астана» арасындағы кездесу аяқталғаннан кейін елорда командасының шабуылшысы Фирмин Мубеле клубтың баспасөз қызметіне кездесу туралы пікірімен бөлісті:
- Команданың күнтізбесі тығыз, әр үш күн сайын ойын өткізгендіктен, матч біз үшін оңай болған жоқ. Дегенмен, біз Қарағандыға тек жеңіс үшін барған едік. Бірінші таймда қақпамызға гол жіберіп алдық. Артынша, допты өз бақылауымызға алып, қарсылас қақпасына қауіпті шабуылдар ұйымдастырып, есепті теңестіруге тырыстық. Бізге қазір осы ойыннан сабақ шығарып, алдағы ойындарға тиянақты дайындалуға тиіспіз.
Бейсенбі күні Еуропа Лигасы аясында Мальта елінің «Валлетта» клубына қарсы кездесу өткіземіз. Біздің «Шахтерға» қарсы кездесудегі жеңілісімізді басты бәсекелестеріміз лайықты пайдаланып кетті. Енді бізге мүлде қателесуге болмайды. Біз ішкі біріншілікте болсын, Еуропа Лигасында болсын әр кездесуде жеңіс үшін барымызды салуға тиіспіз.