Басқа

Бақдәулет Құралбекұлы: Олимпиада чемпионынан жеңу қиын болса да, бар күшімді салдым

Бақдәулет Құралбекұлы: Олимпиада чемпионынан жеңу қиын болса да, бар күшімді салдым
news-banner7
mobile-news-top

Семсерлесуден Будапештте өткен әлем чемпионаты қазақстандық Бақдәулет Құралбекұлының ересектер арасындағы алғашқы додасы болатын. Саблядан сынға түскен Лондон Олимпиадасының чемпионы, кореялық Гу Бон Гилден ұтылды. ҚР ҰОК баспасөз қызметіне сұхбат берген спортшы әлемдік доданы қорытындылап, басты қателіктерді атады.

«Мен үшін Будапешттегі әлем чемпионатының орны ерекше. Себебі, ересектар арасындағы әлемдік сынға алғаш рет қатысып отырмын. Будапешт төрінде басқа емес, тәжірибелі спортшы, Лондон Олимпиадасының чемпионына қарсы шықтым. Әрине, Олимпиада чемпионын ұту қиын. Бірақ бар күшімді салып, жеңіске жетуге тырыстым. Тәжірибенің аты тәжірибе ғой, кореялық сабляшы алдырмады. Оның үстіне, қарсы алдыңда Олимпиада чемпионы тұрғанда аздап қобалжитының да рас. Бұл жеңілістің басты себебі – тәжірибемнің аздығы. Сондай-ақ, өзімде тактикалық тұрғыдан қателіктер болды», - дейді Бақдәулет.

Семсерлесуден Қазақстан командасының бас бапкері Алексей Писцов Бақдәулеттің аяқ алысына жақсы баға беріп, оның болашағына үміт артқан болатын. Спортшының айтуынша, мұндай сенім тек алға жетелейді.

«Жаттықтырушыдан мұндай сөздер есту одан әрі жігерлендіре түседі. Бұл шын мәнінде үлкен мотивация сыйлады. Ендігі мақсатым – тәжірибем мен шеберлігімді арттырып, бапкерлер мен жанкүйерлердің сенімін ақтау. Шыны керек, биылғы әлем чемпионатына қатысамын деп ойламадым. Өйткені, жастар қатарынан ересектер сапына енді қосылған едім. Барлығы тез болып кеткен сияқты. Десе де, әлем біріншілігінің атмосферасы керемет. Сөзбен жеткізу мүмкін емес. Осы орайда, жастарға сенім артып, бізге тәжірибе жинауға мүмкіндік берген Ұлттық Олимпиада комитетіне, семсерлесу федерациясына алғыс айтамын», - дейді ол.

Бақдәулет бір жылдан кейін басталатын Токио Олимпиадасының жолдамасы туралы да сөз қозғады.

«Менің негізгі мақсатым – 2024 жылы өтетін Париж Олимпиадасына қатысып, жүлдегер атану. Осы арманымды орындау үшін тынымсыз еңбек етемін. Ал Токио ойындарына қатысуға мүмкіндік бар. Алдағы жарыстарда жолдама алуға тырысып көремін. Алдағы уақытта 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем және Азия чемпионатында бақ сынаймын. Содан соң, ересектер арасындағы әлем кубогі кезеңдері басталады. Қазақстан кубогі додасы да күтіп тұр. Сол сындарда жүлделі болсам деген ойым бар», - деді Бақдәулет Құралбекұлы.

Айта кетелік, Бақдәулет биыл өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алғашқы сегіздікке енген болатын. Кейін ол ересектер арасындағы Қазақстан Спартакиадасында жеңімпаз атанды.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер