Бекзат Саттарханов туралы фильм көрерменге жол тартты
Бүгін Chaplin Khan Shatyr кинотеатрында Олимпиада чемпионы Бекзат Саттархановтың өмірі мен спорттағы жетістігі туралы биографиялық фильмнің алдын ала жабық көрсетілімі өтті.
Кинотуындының режиссері – Мұрат Бидосов, ал басты рөлді Самат Әзімқұлов сомдады.
Бекзат Саттарханов 1980 жылдың 4 сәуірінде Түркістанда дүниеге келген. Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алған. Бекзат 18 жасында жастар арасындағы Азия біріншілігінің және 1998 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдесіне ие болды. Бір жылдан соң спортшы Орталық Азия чемпионатында күміс медаль алып, кейін Азия және Орталық Азия елдерінің жеңімпазы атанды. 2000 жылы Гран При Кубогінің чемпионы болса, дәл сол жылы Сидней Олимпиадасында алтын медальға ие болып, жеңіс тұғырынан көрінді. Бекзат Саттарханов 2000 жылдың соңында жол апатынан көз жұмды.