Ахмедов пен Сабыров нокаутпен жеңіске жетті
Канадалық Квебекте бокс кеші өтіп, қазақстандық үш боксшы жекпе-жекке шықты, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.
Жастар арасындағы 2016 жылғы әлем чемпионы Аман Қазанқапов кәсіпқой рингтегі дебютін өткізген. Қарсыласы мексикалық Исмаэль Молина Морено (2-1, 2 КО) болды. Төрт раундқа жоспарланған жекпе-жек тең есеппен аяқталды – үш төреші де 38:38 есебін тіркеді.
Ал Садриддин Ахмедов (9-0, 8 КО) болса мексикалық Даниэль Вега Котаға қарсы жұдырықтасты. Жекпе-жектің бірінші раундында Садриддин қарсыласын бірнеше рет нокдаунға түсірген. Нәтижесінде төреші жекпе-жекті тоқтатып тастады - нокаут.
Нұрзат Сабыровтың (10-0, 9 КО) қарсыласы венгр Ласло Тот болған. Бұл жекпе-жек екінші раундта аяқталды. Нұрзат екінші раундтың 10-секундында қарсыласының ішінен ұрып құлатты – нокаут.
Осылайша, Тетфорд Майнздағы бокс кешінде үш боксшымыздың біреуі тең түссе, қалған екеуі нокаутпен жеңіске жетті.