ҚПЛ. Арынды «Астана», қарымды «Қайрат»
Ел біріншілігінде кезекті тур өз мәресін жетті. Көшбасшы «Астана» өз алаңында «Қайсарды» ойсырата ұтты. «Ақтөбе» тағы да жеңіліс құшты. «Қайрат» Көкшетауда үш ұпай олжалады.
Премьер-лига. 14-тур
«Ақтөбе» – «Тобыл» 0:1 (0:0)
Гол: Тұрысбек 74
Бауыржан Тұрысбек «Тобылға» үш ұпай сыйлауды жиілетті. Алматыда «Қайратқа» қарсы кездесуде жалғыз допты соқты. Өткен турда «Шахтермен» болған матчта есеп ашып, команданың жеңісіне жол ашып берді. Осы турда да әдемі доп соғып «Тобылды» жеңіске жетеледі. Қостанайлықтар көш басындағы «Астанадан» үш ұпай қалып тұр. Екі матч кем өткізген. Сол ойындарда 6 ұпай алса чемпиондарды басып озады. Ал, «Ақтөбе» мен «Атырау» арасындағы ұпай айырмашылығы 16-ға жетті. «Ақ-қызылдардың» жағдайы қиын.
«Тараз» – «Ертіс» 0:0
Таразда ҚПЛ-да қалуды ғана ойлап жүрген командалар жолықты. Тоқсан минут бойы «Тараз» да, «Ертіс» те қақпа кілтін таба алмай тең тарқасты. Оныншы орынға жайғасқан жамбылдықтар бір саты жоғары орналасқан «Ертістен» екі ұпай қалып келген. Әйткенмен, бір ойыны кем.
«Оқжетпес» – «Қайрат» 1:2(0:1)
Голдар: Жұмаханов 90 - Исламхан 9, Эсеола 75
«Қайраттың» көші түзеліп келеді. Команда капитаны Бауыржан Исламхан қатарға қосылғалы бері команда ойынында жүйе пайда болды. Қорғаныс пен шабуылды байланыстыратын футболшының жоқтығы, маусым басында командаға айтарлықтай кері әсерін тигізген. 14-ші турда алматылықтар Көкшетауда жергілікті «Оқжетпесті» жеңіп кестеде үшінші сатыға көтерілді. Көкшеліктер сегізінші орынға жайғасып тұр.
Маусымды жақсы бастаған «Жетісу» тур өткен сайын төмен сырғып барады. Бүгінгі таңда алғашқы алтылықтың аутсайдері болып алды. «Ордабасыға» қарсы матчта екі ұпай жоғалтты. Қорғанысы мығым шымкенттіктер болса, төрт турдан бері бірінші рет жеңіске жете алмады.
«Жетісу» – «Ордабасы» 1:1(1:1)
Голдар: Оганесян 22 - Жоау Пауло 15
Жетінші орында тұрған қарағандылық «Шахтердің» артындағы аутсайдерлерден алыстап кететін тамаша мүмкіндігі болған. Алайда, «кеншілер» қолда тұрған жеңісті жіберіп алды. «Тараз» бен «Ертісті» ұзатып алмауға тырысып жүрген «Атырау» бір ұпайға қол жеткізді.
«Шахтер» – «Атырау» 1:1 (1:0)
Голдар: Шкодра 22 – Бьедов 64
«Астана» елордада «Қайсарды» қарсылас құрлы көрмеді. Жарты сағатқа жетпей-ақ чемпиондар матч тағдырын шешіп тастады. «Қасқырлар» маусымда тұңғыш рет ірі есеппен ұтылды. Осы турдан кейін қызылордалықтар кестенің бесінші сатысына бір-ақ түсті.
«Астана» – «Қайсар» 4:1 (2:0)
Голдар: Муртазаев 14, Перцух 26, Ротариу 47, Томасов 50 - Барсегян 79