Фируза Шарипованың жекпе-жегі кейінге қалды
Қазақстандық боксшы Фируза Шарипова 16 маусым күні Ресейдің Екатеринбург қаласында өтетін бокс кешінде шаршы алаңға шықпайтын болды. Бұл мағлұматпен спортшы өзінің интаграм парақшасында бөлісті.
- Өкіншке орай, 16 маусымға жоспарланған менің жекпе-жегім болмайды. Басты себеп, қаржылық демеудің жоқтығында. Әрине, өкінішті. Бізге уәдені үйіп-төккен еді. Дайындыққа жұмсаған қаражатымыз далаға кетті.
Бапкерлер штабына, менеджерім Сергей Завилевскийге алғысым шексіз. Осы жекпе-жектің орын алуы үшін ол аянбай еңбек етті. Жақын уақытта толық ақпаратпен бөлісетін боламыз - деп жазды Шарипова.
Айта кетейік, Фируза Шарипова 16 маусым күні ресейлік боксшы Юлия Куценкомен екінші мәрте жекпе-жек өткізуі тиіс болатын. Өткен жылдың 9 қыркүйегінде екі боксшы кездесіп, төрешілер шешімімен қазақстандық боксшы жеңіске жеткен еді.