Сенсациядан сақтасын! Гена, Тайсонның күйін кешпе

Сенсациядан сақтасын! Гена, Тайсонның күйін кешпе

Жексенбіде Геннадий Головкиннің кезекті жекпе-жегі өтеді. Бокс әлемі жерлесіміздің жеңісіне толықтай сеніп отыр. Қарсыласы - Стив Ролсс биік тұғырды бағындырып көрмеген спортшы. Алайда, алдын ала аутсайдерге баланған боксшының да айды аспанға бір-ақ шығаратыны бар. Энди Руистің ерлігі есімізде. Уақытында жұмыр жерді жұдырығына жүгіндірген Тайсонның өзі жолы болмай жүрген Бастер Дугластан таяқ жеп, рингте тентіреген еді. Prosports.kz тілшісі спортта саңлақтар сүрінісінің болып тұрарын ескертіп, Темір Тайсонның сәтсіздігін еске түсіріп көрмек. 

XX ғасыр сенсациясы

Майк Тайсон мансабын 18 жасында бастады. Ойлаңыз, бар болғаны бір жарым жылдың ішінде 27 кездесу өткізіп, бәрінде жеңіске жетті. Кейде екі жекпе-жек арасы бір апта ғана болатын. 1986 жылы Тревор Бербикті екі раундта жеңіп, тұңғыш чемпиондық атағына қол жеткізді. Жиырмаға енді толған шағында әлем чемпионы атанды. Бұл әлі күнге дейін бұзылмаған рекорд. Аса ауыр салмақты «ашса алақанында, жұмса жұдырығында» ұстады. 

2,5 жыл рингте қарсылас шақ келтірген жоқ. WBA, IBF, WBC және The Ring нұсқалары бойынша барлық белбеулерді жинап шықты. Мансабын аяқтаған соң өзінің жас кезін былай суреттеген: «Жыртқыш аң секілді едім. Қолғапты киіп, рингке шығып, кез келгенін сұлатып түсіруге дайын болатынмын. Адам кейпімнен айырылатын кезім де болған. Кейін ойланып қарасам, сол кезде соққыммен адам өлтіріп алуым мүмкін екен ғой».

Тоқсаныншы жылдардың басында титулдарына көз тіккен Эвандер Холифилдпен жұдырықтасу керек еді. Келіссөздер ұзақ уақыт жүрді. Түптеп келгенде, дәл сол кезде Холифилд рингке шығудан бас тартты. Оны организмге демалыстың қажет екендігімен түсіндірді. 

Төмпештеп ұрып үйреніп қалған Тайсон тыныш жатсын ба? Командасына қарсылас іздеуге бұйрық берді. Промоутер Дон Кинг Бастер Дуглас есімді жігітпен шаршы алаңға шығуды ұсынды. Майк мақұлдады. Жапондар қомақты қаржы төлеп, Тайсонды Токиода төбелесуге көндірді. «Нокауттардың патшасына» кімді, қайда ұру маңызды емес еді. 

Бастер Дуглас мансабында үш рет нокаутқа түскен боксшы болатын. Бір рет чемпион атағына таласып көрді. Жеңіліс құшты. Дегенмен, Тайсонмен шықпас бұрын қатарынан алты мәрте жеңген еді. Бірақ ол стастистикаға ешкім мән бермеді. «Тайсоннан оңбай таяқ жейді-ау» - деп бәрі жанашырлық білдірді. 

Мойындау керек, сол кездері Майктың өмірінде біраз қиындықтар болды. Өрге өрлеуіне сөзсіз үлес қосқан бапкері Кевин Рунимен қоштасты. Ауыр тисе керек, физикасы мен техникасына әсер етті. Әлі күнге дейін бокс мамандары Дугласпен жекпе-жек барысында чемпионға бұрыштағы Рунидің ақыл-кеңестері жетіспеді деп есептейді. 

Кейін алғашқы әйелімен ажырасты. Ұзақ уақыт соттасты. Қоштасуға түкіргенім бар деп Майк бәрін сендіруге тырысқанымен өмірінде өзгерістер пайда бола бастады. Жаттығуға жиі бармауды шығарды. «Дугласты, әрине, зерттемедім. Бірде-бір жекпе-жегін көрген емеспін», - деп Тайсон кейін өзі мойындады.

Дугластың өмірі де мәз емес болатын. Аяқ асты жары кетіп қалды. Өзіне ұл сыйлаған көңілдесі ауруханада өлім аузында жатты. Ең ауыры, анасы Тайсонмен кездесуден бір апта бұрын дүниеден озды. Бакилыққа аттанар алдында жекпе-жектен бас тартуды өтінді. «Анам үшін жеңіске жеткім келді. Бас тартсам, ол менің осалдығым болар еді», - деп түсіндірді кейін Дуглас. 

Көп күттірген кездесу де басталды. Бірақ Тайсон өз-өзіне ұқсамады. Көзде ұшқын жоқ. Бар ойы шаршы алаңда емес, басқа жақта тұрғандай көрінді. Бастерде қорқыныш атымен болмады. Мақтаулы Майктың әр қадамын болжап жүрді. Өмірдегі бар қиыншылығы оны бекем ете түскен секілді болды. Сегізінші раундағы нокдауннан кейін де тез ес жиып алды. Оныншы раундта чемпионды қуып жүріп ұрып құлатты. Рефери он саусағын түгел ашқанда Тайсон аяғында әрең тұрды. Төреші жекпе-жекті тоқтатуды шешті. Боксшының мінсіз формуласына айналған, «Темір Тайсонның» өзі де ет пен сүйектен жаралған адам екеніне баршаның көзі жетті. 

Энди Руис та - бокстағы қаһармандардың бірі. Жеңілістің ащы дәмін татып, әлем алдында жүзі төмен қарамаған, атақты Владимир Кличконы тақтан тайдырған Энтони Джошуаны «Мэдисон Сквер Гарденнің» шаршы алаңында есеңгіретіп, тіпті еңбектетіп жіберді. Британ боксшысы жеңіліс құшады деп бір жан ойламады. Руис жекпе-жек алдында күпір сөйлеп, көпірмеді. Шықты, басында шыдап бақты. Аяғында қара маржанды жұдырығымен жалп еткізді. Әлемді шалқасынан түсірді.

Бастан бақтан таюы әп-сәтте. Роллспен болатын жекпе-жегі алдында Головкинге сәтсіздік тілемейміз. Әйткенмен, Альварестен жеңілісі Қарағандының қабыланына қалай әсер етті? Жаңа бапкерінің тактикасы қандай? Жасы келген боксшыдан жоғары жылдамдықты талап ету қаншалықты дұрыс?  

Дегенмен, көкірекке ұрып масаттанып, масайрамайтын салмақты жерлесіміздің жеңісіне толықтай сенеміз!

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или