Садриддин Ахмедов: Соңғы қарсыласыммен рематч өткіземін
Қазақ боксының жарқын болашағы саналатын Садриддин Ахмедов Джон Рубамен қарымта жекпе-жек өткізгісі келетінін мәлімдеді.
— Ассалаумағалейкум баршаңызға. Естеріңізде болса 8-ші жекпе-жегімді индонезиялық қарсыласым Джон Рубамен өткізген болатынмын. Бұл жекпе-жек 10 раундқа созылды. Енді бұл спортшымен қарымт, яғни рематч өткізуім мүмкін және бұл жекпе-жекке бізде басқа жоспарлар, басқа тактикалар құрылады. Жекпе-жектің келісемін екі жақтың промоутерлері қарастыруда. Ал сіздер екінші жекпе-жекті басқа тактикада ерекше қызығырақ өткенін көргілеріңіз келе ме?, — деп жазды боксшы Instagram парақшасында.
Айта кетейік, Садриддин Ахмедов кәсіпқой бокста 8 кездесу өткізіп, 7 жекпе-жекте қарсыластарын нокаутқа жіберген болатын. Ол соңғы жекпе-жегінде «Алматы арена» спорт кешенінде өткен бокс кешінде Джон «Yohanes Ruba» Рубамен (17-5-1, 9КО) қолғап түйістіріп, төрешілер шешімі бойынша жеңіске жетті.