Мүшел жас. Геннадий Головкин 37 жасқа толды
8 сәуірде Қазақстан тарихындағы ең титулды кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин 37 жасқа толды, деп хабарлайды Prosports.kz сайты.
Көп жылдан бері Геннадий өзінің туған күнін алғаш рет әлемнің бұрынғы чемпионы деген атақпен қарсы алып отыр. Алайда біз боксшының мансабы жақсы жаққа қарай жылжиды деп үміттенеміз.
Головкиннің карьерасына көз жүгіртсеңіз, көзіңізге чемпион деген сөз ғана түседі.
Ол Қазақстан Республикасының спорт шебері, 7 рет ел чемпионы атанған. 2000 жылы жастар арасындағы әлем чемпионы болды, Қазақстанның алғашқы Спартакиасында жеңімпаз атанды. Мұнайлы елдер арасындағы әлем кубогында алтын жүлде алған, ІІІ Шығыс Азия ойындарының жеңімпазы. Головкиннің әуесқой деңгейдегі ең үлкен жетістіктері - 2003 жылғы әлем чемпионатындағы алтын жүлдесі мен 2004 жылғы Олимпиададағы «күмісі».
Ал кәсіпқой боксшы ретінде ол WBA (2010 – 2018), IBF (2015 – 2018), WBC (2016 – 2018), IBO (2011 – 2018), The Ring (2018 – 2018) белбеулерін иеленген.
Prosports.kz ұжымы Геннадийді туған күнімен шын жүректен құттықтап, оған зор денсаулық мен үлкен жеңістер тілейді!