Ермаxан Ыбырайымов допинг үшін жазаны күшейтуге қатысты пікір білдірді
Жақында Мәжіліс депутаттары допинг үшін спортшылардың жауапкершілігін күшейтуге арналған заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын. Қазіргі кезде қосымша ұсыныстар даярланып жатыр. Соның бәрі екінші оқылымда қаралады.
«Ол отырыста мен де болғанмын. Сол жерде таза спортты қалайтынымызды жеткіздім. Негізі, заң жобасында көрсетілген мәселелерді қолдаймын. Осы құжатты қабылдаса, спортшылар да, бапкерлер де, спорт жетекшілері де жазаны біліп, допингке жоламайды. Мәселен, Олимпиада ойындарынан келгеннен кейін сыйақыны береді ғой, Президент сен допинг қолдандың да, жоқ па, әзірше жартысын ала тұр деген әңгіме жоқ. Оны алады да, бере салады. Бірақ ұсталған жағдайда ол ақшаны қайтару керек болады. Енді, допинг қолданатын спорттың түрлері, ол - жеңіл атлетика, жүзу, велоспорт, шаңғы, ауыр атлетика. Күресте де қолданып жатады. Бірақ оның ешбір қажеті жоқ», - деді Е.Ыбырайымов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.
Айта кетейік, заң жобасы бойынша допинг қолданғандар ақшалай сыйақыны қайтаруға міндеттеледі. Бұдан бөлек, спортшылар, бапкерлер мен команда жетекшілерінің ай сайынғы төлемдері тоқтатылады. Тіпті, халықаралық жарыстарда жарақат алғаны үшін берілетін жәрдемақыдан да айыру жоспарланған. Ал сыйға берілген пәтерлерді бастапқыда тек жалға алуға ғана мүмкіндік болады. 10 жылдың ішінде WADA допинг анықтамаса, ол баспананы жекеменшікке аударуға болады.