Полтораниннің бапкері допинг-дауға байланысты кешірім сұрады
Алексей Полтораниннің алғашқы бапкері Алексей Наконечный допинг-дауға іліккен спортшы туралы ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Prosports.kz сайты vksport порталына сілтеме жасап.
«Менің шәкіртім жол берген антидопингті ережелердің бұзылуына байланысты барлықтарыңыздан кешірім сұраймын. Кешірім сұрай отырып, бүкіл ел тұрғындарының, ата-аналар мен басшылықтың алдында басымды иемін. 11 жыл бойы Алексейдің алдына бір ғана мақсат қойып, ең ірі сайыстарда ел үшін «алтын» ұтуды міндеттегендіктен, болған оқиғаға өзімді кінәлілердің бірі деп санаймын.
«Алтын» аламын деп рұқсат етілмейтін әрекетті жасады. Алексейді әділ әрі тәртіпті адам ретінде білемін. Ол тыйым салынған әдісті қолданамын дегенмен, қабылдамады деп сенемін.
Қазіргі таңда ВАДА-ның оң шешімін күтіп отырмыз. Барлықтарыңыз Алексейді қолдаңыздаршы, өтінемін. Оған спортқа қайтып келуін, біздің елдің намысын ең жоғары деңгейде ары қарай қорғай беруін, тек адал спортты насихаттап, допингке қарсы күреске қатыса беруін тілеймін», - деді Наконечный.
<span>Естеріңізге сала кетейік, Австрияда өткен әлем чемпионатында жергілікті полиция допинг дауына байланысты 9 адамды тұтқындаған болатын. Оның ішінде қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин де бар. Кейін спортшы бар кінәсін мойындады.</span>