Болат Жұмаділов: Головкин әлі де өзін көрсетеді

Болат Жұмаділов: Головкин әлі де өзін көрсетеді

1996 мен 2000 жылдары өткен Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Болат Жұмаділов Prosports.kz тілшісіне берген сұхбатында әуесқой бокстағы дау-жанжал мен Геннадий Головкиннің болашағы жайлы айтып берді.  

– Болат Нұретдинұлы, қал-жағдайыңыз қалай? Қазіргі таңда немен айналасып жүрсіз?  

– Рақмет, бәрі жақсы. Әзірге ешқайда жұмыс істеп жүрген жоқпын. Өздеріңіз білетіндей, «Астана Арланс» жобасы жабылған болатын. Содан бері жұмыссыз жүрмін.  

– Қазақстан құрамасының жаңа бапкерлік құрамы туралы не ойлайсыз?

– Ғалым Кенжебаев – мықты маман. Оған Марат Жақиев пен Нұрлан Ақүрпеков көмектесіп жүр. Жақиев те білікті бапкер, Ақтауда ел чемпионатын өткізді. Марат көптеген чемпиондарды тәрбиеледі. Нұрлан Ақүрпеков болса Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевты баптаған. Қазіргі таңда, оның шәкірті Әбілхан Аманқұл ұлттық құраманың жетекші боксшысы саналады.

– Мырзағали Айтжановтың жұмысына қандай баға берер едіңіз?

– Біздің боксшылар түрлі жарыстарда топ жарды. Олимпиада, әлем және Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері болды. Менің ойымша, Мырзағали Айтжанов өз жұмысын жақсы орындады.

– Ғалым Кенжебаевтің келуімен ұлттық құрамадан қандай нәтиже күтуге болады?

– Бәрі жақсы болады деген ойдамын. Ол - өте тәжірибелі әрі білікті маман. Жастар құрамасымен әлем чемпионатында топ жарған. Ғалым Кенжебаевтан тек жоғары нәтиже күтуге болады.

– АИБА-ға қатысты жанжал туралы пікіріңіз қандай?

– Білуімше, әуесқой бокста салмақ дәрежесінің саны 10-нан 8-ге дейін қысқарды. Бірақ бұл нақты шешім емес.

– Демек, бокс Олимпиада ойындарының бағдарламасынан алынбай ма? 

– Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясынан сұрағандарыңыз жөн.

– Жалпы, боксты Олимпиададан алып тастау қаншалықты мүмкін?

– Боксқа ешкім тиіспейді деп ойлаймын. Бірақ өмірде бәрі мүмкін. Боксты алып тастаса да таң қалмаймын. Бірақ бокс спорт түрі ешқайда жоғалмайды. Себебі кәсіпқой бокс бар. Жалпы, боксты Олимпиада ойындарынан алып тастайды дегенге өз басым сенбеймін.

– Қазақстан құрамасының көшбасшы боксшыларын атай аласыз ба?

– Қазақ боксы әрдайым жоғары деңгейде болған. Қазіргі таңда, кім бірінші нөмерлі боксшы екенін білмеймін. Бұрыннан жұдырықтасып жүрген боксшылардың арасынан таңдайтын болсақ, Әбілхан Аманқұлды атап өткім келеді. Тәжірибелі Теміртас Жүсіпов, Зәкір Сафиуллин, ағайынды Толтаевтар бар. Қамшыбек Қонқабаев өзін мықты қырынан көрсетіп жүр. Қайрат Ералиев – әлем чемпионы. Жалпы, мықты боксшыларымыз көп.  

- Кәсіпқой бокста тер төгіп жүрген отандастарымыздың өнерін бақылап жүрсіз бе?

- Иә. Олардың бәрі әуесқой бокстан шыққан боксшылар. Жәнібек Әлімханұлы мен Батыр Жүкембаев әуесқойда кеткен есені кәсіпқойда қайтаруда.

- Садриддин Ахмедов туралы пікіріңіз қандай?

- Садриддин – жас боксшы. Агрессивті бокс стилін көрсетіп жүр. Болашағынан үлкен үміт күттіретін боксшы.  

- Геннадий Головкиннің Сауль Альвареске қарсы соңғы жекпе-жегі көңіліңізден шықты ма?

- Головкинді құрметтеймін, ол Альварестен жеңілген жоқ. Бірақ ұтты деп те айта алмаймын.

- Үшінші жекпе-жек өтсе, кім жеңеді?

- Головкинге сенемін. Жеңіске жете алады деген ойдамын.

- Көптеген жанкүйерлер Головкиннің жасы келді, бокстан кетуі керек деп айтып жатыр. Ал сіз бұл туралы не ойлайсыз?

- Рой Джонс, Майк Тайсон, Эвандер Холифилд сынды боксшылар қырық бес жасында да жұдырықтасқан. Геннадий әлі де өзін көрсетеді. Ол қырық жасқа дейін жұдырытасуға шамасы жетеді. 

- Онымен қашан соңғы рет кездестіңіз?  

- Головкинді көрмегелі біраз болды. Сөйлесіп жүрген жоқпыз, бірақ кездестіріп қалсам, міндетті түрде құшақтасып, әңгімелесеміз.

- Головкиннің жас кезі есіңізде ме?

- Геннадий ұлттық құрамаға мен кеткен жылы келген еді. Бірақ ол жастайынан талантты боксшы болған. Өзінің ерекше стилі болды.  

– Сондай дарынды боксшылар қазіргі құрамада бар ма?

- Бек Нұрмағанбет деген боксшы бар. Жас, өте дарынды боксшы. Ағайынды Толтаевтар да мықты.

– Данияр Елеусінов туралы пікіріңіз қандай?

– Данияр жекпе-жек өткізбегелі біраз уақыт болды. Ол нағыз талант, техникасы мықты боксшы. Елеусіновтың болашағы алда.

– Соңғы Олимпиада ойындарында біздің жігіттер 69 келіде міндетті түрде алтын медаль иеленіп жүр. Қалай ойлайсыз, Токиода бұл дәстүр жалғаса ма?

– Мен көріпкел емеспін (күлді). Бір құдай біледі. Орта салмақтағы жеңісті дәстүрді Серік Қонақбаев ағамыз бастаған болатын. Сондай-ақ, бұл салмақ дәрежесінде Нұржан Сманов, Аркадий Топаев сынды мықты боксшыларымыз өнер көрсеткен.   

– Керісінше жеңіл салмақта Олимпиада жүлдесі соңғы кездері бұйырмай жүр. Неліктен деп ойлайсыз?

– Неге екенін білеймін. Бірақ расымен солай. Қазір бұл салмақта көшбасшы боксшыларымыз Ануар Мұзафаров пен Сәкен Бибосынов. Бәлкім осы боксшылар Олимпиада жүлдесін алып қалар.

– Қазақстанның бес мықты кәсіпқой боксшысын атай аласыз ба?

– Рейтингке қарайтын болсақ, ең мықтысы Геннадий Головкин. Содан соң Жәнібек Әлімханұлы, Батыр Жүкембаев және Бейбіт Шүменовтың есімдерін айтар едім. Өкінішке қарай, жеңіл салмақта мықты боксшыларымыз жоқ. Тек Жанат Жақиянов қана өз уақытында чемпиондық белбеуге қол жеткізді.

- Қазақстанда кәсіпқой бокс кештері өте аз. Бұған не себеп деп ойлайсыз?

- Бұл рас. Жақында Ақтөбеде бокс кешін өткізбек. Қазақ халқы боксты жақсы көреді, сондықтан бізге мұндай жарыстарды жиі ұйымдастыру керек. Бірақ бокс кештерін ұйымдастыру үшін көп қаражат қажет. Сондықтан бұл оңай шаруа емес.

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или