Теннің анасы сот үкіміне қарсы шағым түсірді

Теннің анасы сот үкіміне қарсы шағым түсірді

Кісі қолынан қайтыс болған қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің анасы сот үкіміне қарсы аппеляциялық шағым түсірді. Бұл туралы HOLA News-ке адвокат Нұрлан Үстеміров хабарлады.

«Ия, мен құжатты сотқа алып бардым. Біз аппеляциялық шағым түсірдік», - деді ол.

Апелляциялық шағымда біржақты және толық емес тергеудің салдарынан «үкім өзгертілуі немесе ішінара бұзылуы мүмкін» деп жазылған.

«Оқылған үкімнің күшін жою және Құдайбергенов, Киясов пен Толыбаеваға тағылған жаза түрін өзгерту. <...> Жанар Толыбаеваға қарсы қылмыстық іс прокурорға 99-баптың 2-бөлігіне қосымша ретінде ол жасаған іс-әрекеттеріне сәйкес жаза алмағандықтан қайтарылуы тиіс»,- деп сұрайды жәбірленуші жақ.

Бастапқы күннен бастап Оксана Тен ұлының тапсырыспен өлтірілгенін айтып, зар қаққан болатын. Сотта әйел бірнеше рет «Тапсырыспен өлтіру» бабы бойынша қосымша тергеу жұмыстарын жүргізуді сұрады. Ол ұлының кездейсоқ өлгеніне сенбейтінін мәлімдеді. Әйелдің ойынша Денистің сәттілігі біреуге кедергі келтіргендіктен, тапсырыс беріп өлтірткен. Оның айтуынша, алдын-ала тергеу кезінде барлық фактілер тексерілмеген, оқиғаға қатысы бар барлық қатысушылар анықталмаған.

Еске сала кетейік, 17 желтоқсан күні Денис Тенді өлтірген қылмыскерлерге қатысты сот үкімі шықты. Олимпиада чемпионының өліміне айыпты деп танылған Арман Құдайбергенов, Нұралы Қиясов, Жанар Толыбаеваның кінәлары толықтай дәлелденді. 

«Ұрлық» «Қарақшылық», «Адам өлтiру» баптары бойынша айыпталған Арман Құдайбергенов пен Нұралы Қиясов мүлік тәркілеуінсіз 18 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын максималды қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

«Ұрлық» және «Қылмыс туралы хабарламау» баптары бойынша айыпты деп танылған Жанар Толыбаева мүлік тәркілеуінсіз 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын орташа деңгейдегі қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Сондай-ақ, Құдайбергенов пен Қиясов мемлекетке 1 миллион 865 560 теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.

16 желтоқсан күні прокурор судьядан Құдайбергенов пен Қиясовты 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Ал Толыбаеваны аяғының ауырлығы мен кәмелеттік жасқа толмаған баласы болғандықтан 4 жылға соттауды сұраған.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или