Күрес

Нұрым Дүйсенов фавориттерді атады

Нұрым Дүйсенов фавориттерді атады
news-banner7
mobile-news-top

Шымкентте күрес түрлерінен өтетін Қазақстан чемпионатын жанкүйерлер мен бапкерлер қауымы асыға күтіп жүр. Себебі, Астанада өтетін лицензиялық әлем чемпионаты қарсаңында ұлттық құрамаға кімдердің қабылданатыны ешкімді де бей-жай қалдырмасы анық.

Olympic.kz сайтына сұхбат берген грек-рим күресінен Қазақстан командасының бас бапкері Нұрым Дүйсеновұлттық біріншілікте кімдердің топ жаруы мүмкін екенін айтты.

- Жаңа жыл басталған бойда Алматы облысындағы АІВА базасында оқу-жаттығу жиындарын өткіздік. Бүгінде балуандардың барлығы өз аймақтарында дайындалып жатыр. Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша, сәуір айының аяғында Бейжіңде өтетін Азия чемпионаты мен Астанадағы әлем біріншілігіне қатысатын құрама жасақталады.

Әрине, бірнеше халықаралық турнирлерді ұмытпау керек. Елімізде жалауы желбірейтін лицензиялық чемпионатқа дейін бапкерлермен кеңесіп, ақылдасамыз. Бір анығы – тұрақты түрде күресіп, жүлдеге іліккен балуанды шетке қақпаймыз, - дейді бас бапкер.

Нұрым Дүйсенов әр салмақтың үздік спортшыларына да тоқталып өтті.

- 60 келі салмақ дәрежесінде екі спортшыны ерекше атағым келіп тұр. Мейрамбек Айнағұлов пен Айдос Сұлтанғали. Айнағұлов 2017 жылы өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Сұлтанғали 2018 жылы Будапештте өткен әлемдік сынның қола медаль иегері. Мейрамбек тәжірибелі балуан, ал Айдос жастығына қарамай көпшілікті мойындатты. Бұл салмақта ағайынды Сейдахметовтерді де ұмытпау керек.

67 келідегі тартыс өте қызықты болайын деп тұр. 2018 жылғы әлем біріншілігінің қола жүлдегері Мейіржан Шермахамбет, Олимпиада ойындарына қатысушы, әлем және Азия чемпионаттарының, Азия ойындарының жүлдегері Алмат Кебіспаев, жабық ғимараттағы Азия ойындарының чемпионы Данияр Қаленовтер жақсы күрес көрсетеді деген ойдамын. Мұндағы жігіттерде тәжірибе де, шеберлік де жетеді.

72 келіде Демеу Жадыраевтың көшбасшы екенін білесіздер. 77 келіде Асхат Ділмұхамбетовтей тәжірибелі балуанымыз бар. Әзірге, осы жігіттердің бабында екенін білемін. Ал қалған салмақтарда кімнің мықты екенін кілем көрсетеді, - дейді ол.

Еске сала кетейік, Шымкенттегі Қазақстан чемпионатына еліміздің үздік балуандары тегіс жиналады деп күтілуде.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер