Үстел теннисінен «Астана» клубы Ресей құрлықтық чемпионатында үштікке енді
Қазан қаласында үстел теннисінен ерлер арасындағы Ресей Суперлигасы құрлықтық чемпионатының екінші кезеңі аяқталды.
12 команда бақ сынайтын доданың екінші айналымын «Астана» клубы үшінші орында аяқтады. Денис Жолудев, Тимур Келбуганов, Дастан Кенжеғұлов және Бекұлан Жамал алты ойынның бесеуінде жеңіске жеткен.
- Спортшыларды екінші тур ойындарын сәтті аяқтауымен құттықтағым келеді. Олар Қазанда өте жақсы ойын көрсетіп, өз шеберліктерін дәлелдеді. Тек қана Коми Республикасының «Планета-Университет» командасы есе жіберді.
Дегенмен, жігіттер бұл сәтсіздікті тез ұмытып, қалған ойындарда қарсыласқа айла қалдырған жоқ. Екі тур қорытындысы бойынша «Астана» үшінші сатыда, - дейді бапкер Самат Бейсенов.
Құрлықтық чемпионат жаңа жылдық мерекелерден соң жалғасын табады.