Садриддин Ахмедов ел тарихында рекорд жасауы мүмкін
20 жастағы қазақстандық спортшы Садриддин Ахмедов (6-0, 6 КО) ел үшін бокстағы тарихи жетістігіне бір қадам жерде. Бұл туралы ҚазАқпарат мәлім етті.
Боксшының промоутерлері Eye of the Tiger Management компаниясының берген мәліметінше, Ахмедов 21 жасқа дейін WBC нұсқасы бойынша «жастар» титулы үшін күресу құқығын алған алғашқы қазақстандық боксшы болды. Садриддин келесі жекпе-жегін 26 қаңтар күні Канаданың Монреаль қаласында өткізеді. Оның қарсыласы кім болатыны әзірге белгісіз.
Ахмедовтің соңғы жекпе-жегі 14 желтоқсан күні Эдмонтонда (Канада) өткен. Онда қазақстандық боксшы қарсыласы мексикалық Элиуд Мелендес Рочуды (14-11-2, 7 КО) бірінші раундта-ақ нокаутқа жіберді. Ахмедов кәсіби бокста өткізген алты жекпе-жектің алтауында да қарсыластарын сұлатып салған.
Еске сала кетейік, ол - жастар арасындағы әлем чемпионы.