Ғалымбек Кенжебаевты ресми түрде бас бапкерлік қызметке тағайындады
Бокс федерациясының басшылығы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған турнир аясында Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаевты көпшілік алдында таныстырды.
«Бірінші кезекте Мырзағали Айтжановқа алғыс айтқым келеді. Ол қолынан келгенше қызмет етті. Оның тәжірибесі бізге әлі де керек болары сөзсіз. Алайда, бокс әлемінде үлкен өзгерістер болып жатыр. Кенжебаевты тағайындау арқылы дұрыс шешім қабылдадық деп ойлаймын», - деді Қазақстан бокс федерациясының бапкерлермен жұмыс жөніндегі вице-президенті Юрий Цхай.
«Олимпиадаға дейін азғантай уақыт қалды. Ол біздің команданы Токиоға үлкен сеніммен апаратынына сенім зор. Боксшылардың қатысу-қатыспауы әлі белгісіз екенін білесіздер. Маусымға дейін бір шешім қабылданатыны анық. Біз өз дәрежеміздің биіктігі мен шеберліктің арқасында жеңіске жетуіміз керек. Жарқырап көзге түсетін боксшыларды дайындауымыз керек. Бес-алтауы болмаса да, біреуі өткір болуы тиіс», - деді вице-президент.
Қазақ боксының ардагерлері мен Болат Әбдірахманов бастаған мемлекеттік жаттықтырушылар және боксшылардың жеке бапкерлері Ғалымбек Кенжебаевқа сәттілік тіледі. Бас бапкер өз кезегінде барлық жаттықтырушылар мен ардагерлерден қолдау күтетінін айтты. Айта кетелік, Ғалымбек Кенжебаев Грекияда өткен халықаралық турнирден бес алтынмен оралған еді.
Жоспар бойынша, ұлттық құраманың алғашқы жаттығу жиыны қаңтар айында өтеді. Команданың халықаралық жарыстарға қатысу кестесінде өзгеріс жоқ. Бірақ бас бапкер кейбір мәселелердің әлі де қаралатынын жеткізді.