Жайна Шекербекова: Жеңіске деген құштарлық алтын алуыма кедергі болды
Бокстан Үндістанда өткен әлем чемпионатынан кейін Жайна Шекербекова ұлттық құрамадағы тұрақты спортшылардың бірі екенін тағы дәлелдеді. Спорттағы алғашқы ірі жүлдесіне 2010 жылы қол жеткізген ол осы уақытқа дейін қатардан шыққан жоқ. Құрлықтық және әлемдік жарыстарда топ жарған Жайнаның ел чемпионатында жеңіліске ұшырап, құрамадағы бірінші нөмірінен айырылған кездері де көп. Десе де, қазақтың қайсар қызын бұл сәтсіздіктер мойытпады.
Олимпиада комитетінің ресми сайтына сұхбат берген Жайна әлем чемпионатында алтыннан көз жазып қалудың қандай екенін түсіндірді.
- Жайна, сізді әлемдік сындағы жүлдеңізбен құттықтаймыз. Финалда өте шебер спортшымен кездестіңіз. Тәжірибеңіз көмектеспеді ме? Алтынға бір қадам ғана қалған еді...
- Ақтық сын туралы көп нәрсе айтуға болады. Бірақ жеңіліске ұшырауымның басты себебі – алтын алсам деген арманның тым мықты болғаны шығар. Жеңгім келгені соншалық, тактиканы да, басқаны да ұмытып, бас-көзсіз алға ұмтылдым. Жеңіске деген құштарлық шамадан тыс көп еді. Одан бөлек, қарсыласым да осал емес. Азия ойындарында оның жақсы боксшы екенін бәріміз байқадық. Айтпақшы, әлем чемпионатында алты бірдей жекпе-жек өткізгенім мүмкін ағзаға ауыр тиген болар. Өйткені, мен спорттық мансабымда тұңғыш рет дәл осынша кездесу өткіздім. Ақталғым келмейді, қателіктерге бой бердім. Бұйырғаны күміс медаль екен.
- Дегенмен, ақтық сынға дейін де оңай болмағаны анық. Тіпті, алғашқы кездесудің өзінде биылғы Еуропа чемпионы күтіп тұрды...
- Иә, ресейлік спортшы 2018 жылғы Еуропа чемпионы. Бойы да менен биіктеу. Өте қиын өткен кездесуде жылдамдықтың арқасында жеңіске жеттім. Жеке бапкерім тактиканы дұрыс қойды. Екінші айналымда Конго мемлекетінің спортшысы жолықты. Ол техникалық шеберлігімен мақтана алмас, бірақ физикалық әлеуеті жоғары. Үшінші кездесуімді де өте ауыр деп айтар едім. Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, колумбиялық Ингрит Валенсия тәжірибелі боксшы. Бұл жекпе-жекте аяқпен жақсы жұмыс істегенім көп көмек болды.
Кейін польшалық Сандра Драбикті оңай жеңдім. Онымен үш-төрт рет жолыққанмын. Әлем чемпионатының алдында Польшада халықаралық турнир өтіп, сол кезде финалда жеңгенмін. Жартылай финалдағы жапон қызы да жаман емес. Ол көптеген мықтыларды ығыстырған боксшы. Биыл Астанада өткен Президент кубогінде Назым Қызайбайдан басым түскен. Бапкерлерім жапондықпен екінші нөмірде жұдырықтасу керектігін айтты. Өзіңіз байқаған шығарсыз, әлем чемпионатында жеңіл-желпі өткізе салатын жекпе-жектер жоқтың қасы.
- Жаңа Назым Қызайбайды атап кеттіңіз. Назым 48 келіде әлем чемпионы атанып, кейін сіздің салмағыңызға өтті. Осы орайда, кімнің бірінші нөмір екенін анықтадыңыздар ма?
- Былтырғы Қазақстан біріншілігінің финалында Назымнан ұтылған соң, ол менің салмағымдағы бірінші нөмірлі боксшы атанды. Екеуміз бірнеше мәрте кездесіп, таразы басы қайта-қайта ауысып тұр. Енді кім мықты екенін алдағы Қазақстан біріншілігі анықтайды. Негізі, биылғы бірінші нөмірлі боксшы - Назым. Бас бапкерлер құрамадағы бірінші нөмірлі спортшыларды Азия ойындарына, екінші нөмірлі боксшыларды әлем чемпионатына апаратынын айтқан. Сол жоспар бойынша ол Азиадаға, мен чемпионатқа қатыстым. Бір салмақта дәл осындай бәсекелестіктің болуы біз үшін үлкен жетістік. Бәсекелестік бар жерде өсу де бар.
- Чемпионат аяқталғаннан кейінгі жоспарыңыз қандай?
- Сарыағаш қаласында он күндік жиын өтеді. Содан соң аздап демалып, жаңа жылдан кейін жаңа жоспармен кірісеміз. Менің басты мақсатым – Олимпиадаға лицензия алу.
- Жалпы, сіз сияқты қыз баласына бокспен шұғылдану ауыр емес пе?
- Қазақ қызына спортта жүру өте қиын. Шыдамдылық, еңбек керек. Алғашында кәсіби түрде айналысамын деп ойлаған жоқпын. Кейін жақсы нәтиже көрсете бастаған соң, шаршы алаңнан бақытымды табарыма сендім.
- Спортта сізге үлгі болған тұлға кім?
- Марқұм Бекзат Саттарханов. Біздің бала кезімізде сол кісі Олимпиада чемпионы атанып, қаншама адам сол биіктен көрінсем деп армандады. Менің де үлкен боксқа келуіме Саттархановтың ерлігі себеп болды.