Оразбек Асылқұлов: Менің ең ізгі арманым - Олимпиада биігіне шығу
Бокстан Қазақстан біріншілігіндегі жаңа есімдердің бірі – Оразбек Асылқұлов. 20 жастағы боксшы финалға дейін сүрінбей, ақтық сында тәжірибелі Қайрат Ерәлиевке ғана жол берді. Ерекше талантымен бапкерлер көңілінен шыққан Оразбек Olympic.kz сайтына шағын сұхбат беріп, ел чемпионатындағы есте қаларлық жекпе-жектер туралы айтты.
Бұл Қазақстан біріншілігіне екінше рет қатысуым. Былтыр 52 келі салмақта бақ сынап, ұтылып қалғанмын. Биылғы сынға бар күшімді салып, дайындалдым. Өйткені, ұлттық құрамаға қабылданып, ел намысын қорғауды бала кезімнен армандаған едім, - дейді Оразбек.
Оразбек Асылқұлов Ақмола облысының Жақсы ауданында дүниеге келген. Бокспен 9 жылдан бері шұғылданады.
«Осы маусымда салмағым өсіп, 56 келіге ауыстым. Мұнда кіл мықты, тісқаққан спортшылар бар екенін білемін. Қайрат Ерәлиевтің өзі әлемді мойындатқан боксшы. Мен үшін ең қиын кездесу Ілияс Сүлейменовке қарсы өтті. Ілияс бірнеше жыл бойы халықаралық сындарда ел намысын қорғаған, Олимпиада мен Азия ойындары және әлем чемпионаттарына қатысқан спортшы. Сондықтан, Сүлейменовті жеңген соң өзіме деген сенім арта түсті. Бапкерлеріммен ақылдасып, жақсы тактика құрдық», - дейді жас боксшы.
Мырзағали Айтжанов Асылқұловты ұлттық құрамаға қабылданған боксшылар қатарына қосты. Ол енді ел үздіктерімен бірге жаттығып, ірі жарыстарда ел намысын қорғауға дайындалуда.
«Менің бокстағы үлгі тұтатын спортшым – Серік Сәпиев. Сәпиев секілді Олимпиада шыңын бағындырғым келеді. Ең ізгі арманым осы. Бірақ бұл үшін әлі көп тер төгіп, еңбектену керектігін білемін. Ендігі мақсат – тынымсыз еңбек арқасында жеңіске жету», - дейді Оразбек.
Оразбек Асылқұлов 2016 жылы жастар арасындағы Қазақстан чемпионы атанған. Сондай-ақ, Сербия мен Литвада өткен турнирлерде топ жарып, В. Кличко атындағы турнирдің жеңімпазы атағына қол жеткізген.