Әйбек Оралбай – болашағынан үміт арттыратын чемпион
Аргентина астанасы Буэнос-Айрес қаласында өткен жасөспірімдер Олимпиадасы әлі күнге ел есінде. Біздің өрендер жаһандық жарыста жоғары деңгейде өнер көрсетті.
Әркез қазақ спорты боксшыларымызбен мақтана алатын. Аргентинада өткен турнирде болашағынан зор үміт күтетін былғары қолғапты серік қылған өрендерімізді байқадық. Атап айтқанда, Дамир Тойбай мен Талғат Шайкен және Оралбай Әйбек.
91 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен жас спортшымыз қарсылас шақ келтірмеді. Төртқұрлықтың үздіктері жиналған боксшыларын «қоғадай қырған» Әйбек жайлы аз-кем мәліметті ел назарына ұсынуды жөн көрдік.
Спорт әліпбиімен бала Әйбек төрт жасында танысқан. Әуелде спорт Оралбай әулетіне тансық емес еді. Өйткені Әйбектің әкесі күрестен бапкерлік қызметпен айналысқан. 4 жасында спортқа деген махаббаты ашылған жас өренді байқаған Асқар Еркебаев оны өзінің қолына алады. Дәл осы бапкердің қол астында Әйбек былғары қолғаппен танысады. Бастапқыда Степногорск қаласындағы Бөгенбай батыр атындағы мектеп-интернатында жаттыққан Әйбек сол кезде-ақ байрақты бәсекелдерде топ жара бастайды. Өз жасында Қазақстанның үздігі атанып көзге түскен оны Астана қаласындағы Қажымұқан Мұңайтпас атындағы спорт мектебіне алады. Міне, болашақ чемпионның бокс жолындағы алғашқы баспалдағы осындай.

Жасөспірімдер Олимпиадасында үміт артқан спортшылардың бірі – осы Әйбек еді. Дайындықты жаттығу жиындарында бастап, артынша жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары мен әлем чемпионатында ысылған ол Аргентинаға нық мақсатпен келді. Алғашқы жекпе-жегінен-ақ Олимпиаданың алтынын алуға келгенін айқын көрсетті. Өзінің айтуынша, дүбірлі додадағы ауыр қарсыласы – Элвин Каналес болған. Пуэрорикалық боксшы біздің спортшыға айтарлықтай қарсылық көрсетті. Ал ақтық сында өзіне жақсы таныс Мұхаммед Амин Хасидпен жұдырықтасты. Будапешт қаласында өткен әлем біріншілігінде Әйбек алжирлік өренмен жекпе-жек өткізіп үлгерген еді. Бұл жолы тактикасына өзгеріс енгізген Әйбек қарсыласын 5:0 есебімен нық сеніммен жеңді. Осылайша, Әйбек Оралбай жасөспірімдер Олимпиадасында алтыннан алқы тағынды. Бұл дегеніміз – чемпион жолындағы алғашқы белестің сәтті өткені.
Аға буынның артынан ерген Әйбектің ендігі мақсаты – 2020 жылғы Токио Олимпиадасы. Бірер жылдан соң өтетін байрақты бәсекеде Әйбекті жеңіс тұғырынан көреміз деп сенеміз.