«Әлі де король». Әлем чемпионы Головкинді жекпе-жекке шақырды
Орта салмақтағы WBC «уақытша» белбеуінің иегері Джермалл Чарло өзінің дивизионында болып жатқан жағдайларға тоқталып, әлі де Геннадий Головкинмен жұдырықтасқысы келетінін айтты. Бұл туралы Sputnik Қазақстан жазды.
Өткен демалыста жапониялық боксшы Риота Мурата күтпеген жерден америкалық қарсыласы Роб Бранттан жеңіліп, 2019 жылдың көктемінде Токиода табысты жекпе-жек өткізуді жоспарлап отырған Головкиннің жоспарын бұзды.
«Роб Брант Муратаны тоқтату арқылы көп нәрсені шатастырып жіберді. Бірақ бәрібір Головкин әлі де менің салмақ дәрежемдегі король. Сол себепті мен онымен жұдырықтасқым келеді», — деді Джермалл.
Естеріңізге сала кетсек, WBC ұйымы титулдың қазіргі иегері Сауль Альвареспен кім жекпе-жек өткізетінін анықтау үшін Чарло мен Головкиннің өзара жұдырықтасуы керек деп шешті. Америкалық 22 желтоқсан күні өзінің отандасы кіші Вилли Монромен жұдырықтаспақ.