Жанқош Тұраров сот алдында жауап береді

Жанқош Тұраров сот алдында жауап береді

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров тәртіпсіздігі үшін сот алдында жауап беруге мәжбүр болды, деп жазады prosports.kz.

КТК телеарнасының хабарлауынша, спортшыға бірнеше адаммен бірігіп бұзақылық жасады деген айып тағылып отыр. Әкімшілік іс Алмалы аудандық сотында қарастырылып жатыр. 

Естеріңізде болса, осыдан бірнеше ай бұрын әлеуметтік желіде Жанқоштың белгісіз біреулермен жаға жыртысқан сәті жазылған видео таралған еді. Онда әлденеге келісе алмаған жігіттердің дау-дамайының соңы қарудан оқ атуға дейін алып келгенін көрген едік. Шамасы, сол істің соңы сотқа жеткен көрінеді.

- Іс материалдарына сəйкес, 2018 жылдың 25 мамырында кешкі сағат 19:00-дер шамасында Ж.Тұраров пен Д.Махамбет «SkyBar» түнгі барына достары Отарбаевпен жолығуға келген. Түнгі клубқа кіре берісте Тұраров клубтың қауіпсіздік қызметкерлері Алқожаев және Жарылқасыновпен сөзге келіп қалған. Екі арадағы дау-жанжал басылмай керісінше үдей түскен. Көп ұзамай жігіттер клуб сыртындағы аулалардың біріне беттеген. Жарылқасынов бірінші болып Тұраров жаққа травматикалық тапаншадан бір рет оқ атады. Сонда сырттан бақылап тұрған Отарбаев «Streamer» травматикалық тапаншасынан бірнеше рет оқ атқан. Оқ атудан соң жастар жұдырықтасуға көшкен», - дейді Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі.

Қазір əкімшілік сотта ҚР ҚК 293 - бабының 2 - бөлімімен, 287 - бабының 2 - бөлімімен Алқожаев, К.Отарбаев, Н.Жарылқасынов жауап беріп жатыр. Ал Тұраров пен Махамбетке ҚР ҚК 293 - бабының 2 - бөлімі бойынша айып тағылды.

Естеріңізге сала кетсек, Жаңқош Тұраров кәсіпқой бокста 22 рет жеңіске жетіп, оның 15-ін нокаутпен аяқтаған. Соңғы жекпе-жегін 9 қыркүйек күні, Астана қаласында аргентиналық Бруно Леонардо Ромэйге (21-5-0, 18 КО) қарсы өткізіп, ұпай санымен жеңіске жеткен болатын.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или