Талғат Шәйкен - жасөспірімдер Олимпиадасының күміс жүлдегері
Бүгін Буэнос-Айресте жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарының соңғы жарыстары өтіп жатыр, деп жазады Prosports.kz.
Ғаламдық додада бокстан ақтық сынға жолдама алған үш боксшымыздың соңғысы шаршы алаңға шықты.
64 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Талғат Шәйкен ресейлік Илья Поповтан жеңіліп қалды. Біздің өкінішімізге орай, бес төрешінің төртеуі ресейлік боксшыны жеңімпаз деп таныды. Сөйтіп, Талған жасөспірімдер Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды.
Естеріңізде болса, кеше тағы бір жас боксшымыз Дамир Тойбай да (+91) ресейлік боксшы Алексей Дроновқа дәл осындай есеппен есе жіберіп, күміс жүлде алған еді.
Қазақстандық боксшылар Аргентина астанасында бір алтын, екі күміс, бір қола медаль еншіледі. Алтын жүлдені 91 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Айбек Оралбай жеңіп алды. Айбек ақтық сында алжирлік Мохаммед Амин Хасидті 5:0 есебімен еш қиындықсыз жеңді.
Ал қола жүлдеге Надежда Рябец (69-75 келі) қол жеткізді. Боксшы қыз үшінші орын үшін өткен кездесуде алжирлік Ичрак Чаибті 5:0 есебімен жеңді.