Батыр Жүкембаев: Қазақстанда жекпе-жек өткізу – арманым

Батыр Жүкембаев: Қазақстанда жекпе-жек өткізу – арманым

Қазақстандық боксшы Батыр Жүкембаев бүгін Канадада өзінің 14-ші жеңісіне қол жеткізді. Патрисио Мореноға қарсы жекпе-жектен кейін Батыр шағын сұқбат берді.

- Жеңіс құтты болсын. Жекпе-жек қалай өтті?

- Аллаға шүкір, жекпе-жек жақсы болды, көңілден шықты. Өзім де бір соққы алдым, кейін өзім оны құлаттым. Шынымды айтсам, қазақ жігітінің намысы дейтін қасиет мені алып шықты. Жеңіске жетуіме қанымызда бар қайсарлық өз әсерін тигізді.

- Қарсыластың қатты соққысы тиді саған. Сынып кетпеуіңе не көмектесті?

- Менің артымды қаншама туыстарым, достарым, жалпы қазақ елі қолдау көрсетіп, тілеулес болып отырғанын білемін. Бұл – спортшы үшін ең ұлы қозғаушы күш. Қиын жекпе-жек өткіздім. Сынып кетпеуіме «артымда дүйім ел тұр» деген сезім демеу болды. Бір соққыға отырып қалмау, бастысы, айқасты аяғына дейін жеткізу деген ой болды. Ақырына дейін шыдадым, кейін оның осал тұсын таптым, өз жоспарымды жүзеге асырдым. Бұл айқастың ерекшелігі – осы қарсыласым мансабымдағы ең мықты боксшы болып тұр. Сонымен қатар, елдің қолдауы аса жоғары болды. Үлкен жауапкершілік, үміт! Оңай беріле салу – қазақ жігіті үшін өліммен тең.

- Мореноны ең мықты қарласым деп атадың. Ол қандай боксшы?

- Бірінші раунда-ақ қарсыластың көзінен, жүріс-қимылынан оның тәжірбиесін байқадым. Өзін салқынқанды ұстады, қиындық көрген боксшы екен. Бұл жекпе-жектің ерекшелігі де осы болды. Рингке шықпас бұрын көптеген адамның қоңырау шалып, тілеулес болып, елдің көрсеткен қолдауы – псиxологиялық жүк. Соны абыроймен алып шықтым. Қуаныштымын!

- Сені қолдаған қазақ азаматтары болды ма? Канадалық жанкүйерлердің де алдында танымалдылығың артып келе жатқанын сезетін шығарсың?

- Бұл жекпе-жекке көптеген қазақ жастары арнайы маған қолдау білдіру үшін бірнеше көлікпен Монреаль қаласынан Квебекке дейін келген. Олар менің жейдемді киіп келіп, жанкүйерлік етті. Бәрін естідім. Рингтен кетіп бара жатқанда да тік тұрып қол соқты. Өте қатты қуандым. Сонымен қатар жергілікті канадалық жанкүйерлер де қатты қолдады. Жекпе-жектен соң сыртқа шыққанда, тіпті, жүргізбей тастады. Қаумалаған адамдар, бәрі менімен фотоға түсіп, қолтаңба сұрады. Әрине, бұл да бір жетістік мен үшін. Канадада өз жанкүйерлерімнің армиясы бар. Қазақстанның қандай ел екенін, қазақ жігітінің кім екенін олар біз арқылы тани бастады. Көшбасшымыз Геннадий Головкин қазақ бокс мектебінің мықтылығын паш етті. Біздің ендігі ісіміз – осы жетістікті абыроймен сақтап, жалғастырып, жаңа деңгейге көтеру. Ұлы миссиямыз – осы.

- Неліктен уәде етілген WBC белбеуі бәске тігілмеді?

- Бастапқыда WBC International белбеуі үшін жұдырықтасуым керек еді. Бір күн қалғанда ұйымның өкілдері xабарласып, чемпиондық белбеудің бәске тігілмейтінін айтты. Нақты себептері әзірге белгісіз. Дегенмен, осы жеңісімнен кейін WBC өкілдері менің промоутеріме xабарласып, алдағы уақытта чемпиондық жекпе-жек өткізу туралы ұсыныстар айтқан. Яғни, үлкен қызығушылық танытуда. Ол күн де алыс емес. Басқа да тұжырымдармен жұмыс істеп, титулды айқастар өткізуді жоспарлап отырмыз.

- Басты арманың не? Чемпиондық айқасты елімізде өткізуге қалай қарайсың?

- Қазақстанда жекпе-жек өткізу – арманым. Кез келген уақытта дайынмын. Ұлы мақсатым – чемпион атанып, баhадүрлердің ұрпағы екенін паш ету. Чемпиондық белбеу мен атақтың иесі өзгеруі мүмкін әр уақытта. Бірақ бір ұлттың азаматы туралы қалыптасқан лайықты көзқарас мәңгі сақталады.

- Мексикалық қарсыласыңмен жекпе-жектен соң сөйлесе алдың ба?

- Патрсио Мореномен жекпе-жектен кейін қол алысып, бір-бірімізге рақмет айттық. Ол өз қарсыласын құрметтей білетін боксшы екен. 20 кездесуінің тек екеуінде ғана ұпай айырмашылығымен ұтылған, 14 нокауты бар. Білікті спортшы және нағыз Мексиканың нағыз мінезді жігіті. Олар да қайтпас қайсар болып келеді. Қатты тиген соққының өзін олар жақсы көтереді. Бойы мен қолы менен ұзын. Алғашқы раундтарда аздап үйрене алмай қиналдым.

- Сені қолдаған барша жанкүйерлеріңе не айтасың?

- Жанкүйерлеріме алғысым шексіз. Дұға жасап, тілеуін тілеп, қолдау көрсеткен кісілерге көп рақмет. Бұл мен үшін үлкен мотивация. Чемпион атану дейтін жолда осындай демеу бізді әркез алға жетелейді.

 

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или