ЧЛ. Бірінші тур сенсациясыз басталды
Сейсенбі күні түнде УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңі басталды.
А тобы
Дортмундтық «Боруссия» сырт алаңда бельгиялық «Брюггеге» қонаққа барған. Бұл ойын 0:0 есебімен аяқталуға жақын болған еді. Тек 85-минутта Кристиан Пулишич гол соғып, дортмундық клубқа жеңіс сыйлады.
«Брюгге» - «Боруссия» 0:1 (0:0)
Гол: Пулишич 85
Францияда «Монако» мен мадридтік «Атлетико» арасындағы матч тағдыры бірінші таймда шешілді. Есепті 18-минутта Самуэль Градсир ашқанымен, тайм соңына дейін қонақтар есепті теңестіріп қана қоймай, алға шыға алды. 31-минутта Диего Коста гол соқса, кейін Хименес қанжығасын майлады. Қорытынды есеп – 1:2.
«Монако» - «Атлетико» 1:2 (1:2)
Голдар: Грандсир 18 – Коста 31, Хименес 45+1
С тобы
Сербиялық «Црвена Звезда» өз алаңында италиялық «Наполидің» қарқынына төтеп бере алды. Италиялық ұжым 90 минут бойы алаң иелерінен басым болғанымен, гол соға алған жоқ. Қорытынды есеп – 0:0.
«Црвена Звезда» - «Наполи» 0:0
Сербияда гол соғылмағанымен, топтың екінші матчында жанкүйерлер бес гол көре алды. Англиялық «Ливерпуль» өз алаңында Франция чемпионы ПСЖ-мен кездескен. Матчтың 30-минутында Дэниэл Старридж есеп ашса, алты минуттан соң Джеймс Милнер пенальтиден гол соқты. Бірінші тайм аяқталар тұста Томас Менье есеп айырмасын қысқарта алды.
Матч аяғына таман Килиан Мбаппе гол соғып, париждіктер есепті теңестіріп тастаған еді. Бірақ алаң иелері соңғы минуттарда жеңісті жұлып әкетті. Роберто Фирмино ойынға тыңнан қосылып, жеңіс голын салды.
«Ливерпуль» - ПСЖ 3:2 (2:1)
Голдар: Старридж 30, Милнер пенальтиден 36, Фирминьо 90+2 – Менье 40, Мбаппе 83
D тобы
«Порту» алғашқы турда германиялық «Шалькеге» қонаққа барды. Матчтың бірінші таймы соғылмаған пенальтимен есте қалды. 13-минутта Алекс Теллес он бір метрден мүлт кетті.
Екінші таймда Брил Эмболо гол соғып, «Шальке» алға шыққан еді. Бірақ 75-минутта төреші алаң иелерінің қақпасына тағы бір пенальти белгілеп, бұл жолы Отавио дәлдік танытты – 1:1.
«Шальке» - «Порту» 1:1 (0:0)
Голдар: Эмболо 64 – Отавио пенальтиден 75
Соғылмаған пенальти: Теллес 13 (Порту)
Түркиялық «Галатасарай» өз алаңында Ресей чемпионы «Локомотивті» тас-талқан етті. 9-минутта Гэрри Родригес гол соққан. Екінші таймда Эрен Дердийок қанжығасын майлады. Матч аяғына таман Папа Ндиайе алаңнан қуылып, алаң иелері он ойыншымен қалған. Соған қарамастан, Сельчук Инан пенальтиден гол соғып, ойын нүктесін қойды – 3:0.
«Галатасарай» - «Локомотив» 3:0 (1:0)
Голдар: Родригес 9, Дердийок 67, Инан пенальтиден 90+4
Алаңнан қуылды: Ндиайе
Айта кетейік, В тобының матчтары ертерек ойналған болатын.