Ибрагим Ескендір: Әнші Ибрагимді боксқа қимағандар көп болды
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Ибрагим Ескендір бүгін Ақтөбеде өзінің бесінші жекпе-жегін өткізеді. Кездесу алдында Ескендір Prosports тілшісіне алдағы қарсыласы жайлы және әншіліктен боксқа қалай келгенін айтып, ертең өтетін Геннадий Головкин мен Сауль Альварес жекпе-жегіне болжам жасады.
- Ибрагим, сіздің бүгінгі қарсыласыңыз туралы ақпарат жоқ. Өзіңіз онымен жақсы таныса алдыңыз ба?
- Қарсыласым қырғызстандық боксшы. Бұл оның кәсіпқой рингтегі дебюі болады. Сондықтан, өзімде де көп ақпарат жоқ. Қарсыластың бір-екі жекпе-жегін көрдім. Солар бойынша жоспар құрдық, тактика жасадық. Қалай дегенде де, қазақ жігіттерін бірінші болып жеңіске жетелейтін – намыс, кейін ғана – тактика ғой.
- Дайындық қайда өтті?
- Жиынды Астанада өткіздім. Жекпе-жекке білікті бапкер Бауыржан Рысбек дайындады. Соңғы аптада Ақтөбе өңіріне келіп, осы жақта басқа да боксшылармен бірге жаттығу өткіздім.
- Бұл кеште қазақстандық боксшы Бобиржан Моминов титулды жекпе-жек өткізеді. Қалай ойлайсыз, сізге белдік иелену үшін неше жекпе-жек өткізу керек?
- Бұл маған жиі қойылатын сұрақ. Шынымды айтсам, мен қазір белдікті ойлап жүрген жоқпын. Өйткені, титулға адал жеткім келеді, ол үшін тер төгу керек әлі. Кім біледі, төрт жекпе-жектен кейін титул үшін жұдырықтасып қалатын шығармын. Қазіргі кезде мақсатым – тек жақсы қарсыластармен кездесіп, титулға дайындалу.
- Сізге көп қойылатын тағы бір сұрақ бар шығар. Әншілікті тастап, кәсіпқой боксқа қалай ауыстыңыз?
- Әрине, әнші Ибрагимді боксқа қимаған адамдар көп болды. Бірақ мен әншіліктен бұрын бокспен шұғылданғанмын. 2001-2006 жылдар арасында ҚазКСР-дің үш дүркін чемпионы Аманжол Бахаев ағамыздың қол астында жаттықтым. Бірақ 2007 жылы қолымнан жарақат алдым. Үйде жалғыз ұл едім, сондықтан анам қарсы болды, оның сөзін жерге тастай алмадым. Сөйтіп, білім мен өнер қудым. Кейін промоутер Жалғас Төкешев бауырым себепші болып, боксқа қайта оралдым.
- Кәсіпқой боксқа ауысар алдында қанша уақыт ойландыңыз?
- Өте қызық сұрақ. Негізі, Жалғасқа ұсынысты өзім айтқанмын. Бірақ кәсіпқой емес, әуесқой боксқа шыққым келді. Дайындық кезінде Жалғас «Сенің соққың ауыр, кәсіпқой боксқа баруыңа болады» деді. Сөйтіп, сондай ұсыныс жасап, ойлануыма бір айдай уақыт берген. Бірақ мен ертеңіне хабарласып, дайын екенімді айттым.
- Оқырмандарға қызық сұрақ. Кәсіпқой боксшылардың табысы қандай?
- Негізі, қазақ жігіттері мықты. Себебі кәсіпқой бокста сенің қаражатың, қолдаушың болмаса қиын. Бірақ отбасына қарап, қарындасын тұрмысқа беріп, інісін үйлендіріп жүр. Сөйте жүре, кәсіпқой боксты тастаған жоқ. Мысалы, АҚШ-та олай емес. Ол жақта кәсіпқой боксшысың ба, бүкіл өмірің соған арналады. Сенің өз менеджерің, маркетологың, дәрігерің мен психологың болады. Біздің қазақтарда мұндай жағдай жасалмаған. Сондықтан, кәсіпқой боксшыларда анау айтарлықтай табыс бар деп айта алмаймын. Тек атағың шыққан кезде ғана гонорарың өседі. Оған дейін сен рейтинг үшін ғана жұдырықтасып, табыс таба алмайсың.
- Өзіңіздің табысыңыз туралы айта аласыз ба?
- Қазір көп сыйақы алып жүрмін деп айта алмаймын. Себебі, қазір рейтинг жинау үшін жұдырықтасамын. Абыройың асқаннан кейін ғана, гонорар туралы сөйлесуге болады. Қазір табыс үшін емес, елдің намысы үшін жүрмін.
- Осы апта қазақ боксының аптасы болып тұр. Ертең Геннадий Головкин мен Сауль Альварес жекпе-жек өткізеді. Бұл кездесуге болжамыңыз қандай?
- Головкин – ұлы даланың батыры. Өсіп келе жатқан ұрпақ үшін ол үлкен мақтаныш. Геннадий Головкинге жақтаспайтын қазақ жоқ. Мен Головкиннің Альваресті жеңетініне сенімдімін. Канело Шейн Мосли және Флойд Мейвезер сынды мықтылармен шықты деп жатады. Ал Гена Олимпиада көрді, Кеңес мектебін көрді, кәсіпқой бокста да қарсыластары әлсіз болған жоқ. Сондықтан, Головкиннің жеңісіне жүз пайыз сенемін.
Әңгімелескен Есет Төлеш