Азиада жұлдызын жаққан ең жас чемпиондар туралы не білеміз?
Екі апта бойы құрлық жанкүйерлерінің назарын аударған Джакартадағы жазғы Азия ойындары аяқталды. Құрлықтың кішігірім Олимпиадасы саналатын жарыста Қазақстан спортшылары жалпы есебі 76 жүлде жеңіп алды. Оның ішінде 15 алтын бар.
Olympic.kz Азия ойындарында ерекше көзге түскен спортшылар туралы мақалалар сериясын назарларыңызға ұсынады. Бүгін көркем гимнастикадан Қазақстан командасы туралы сөз қозғаймыз.
Джакартада Алина Әділханова, Даяна Әбдірбекова және Адиля Тілекенова ел намысын абыроймен қорғап, құрлықтағы қарымды қарсыластарын қапыда қалдырды. Біздің гимнастар командалық сында 159.850 ұпай жинап, Өзбекстан мен Оңтүстік Корея спортшыларын шаң қаптырған болатын.
Қазақстан құрамасы 2010 жылдан кейін қолымыздан сусып кеткен қос алтынды қайтарып алды. Бұл қазақ жанкүйерлері ұзақ жылдар бойы айтып жүретін жеңіс еді.
Бір қызығы – көркем гимнастика өкілдері Азия ойындарында Қазақстанға алтын медаль сыйлаған ең жас спортшылар ретінде тіркеліп отыр. Азиадада екі дүркін чемпион атанған Алина Әділханова мен командалық сында топ жарған Адиля Тілекенова 17 жаста! Ал Даяна Әбдірбекова небары 16 жаста!
Бүгінде бұл спортшылардың қатары мектеп бітіріп, үлкен өмірге қадам басуға дайындалып жатыр. Осы жасқа жетсе де, үйінен бір қадам алыстап көрмегендер бар. Ал біздің чемпиондар замандастарына үлгі болып, жастығына қарамай, Қазақстан атын әлемге паш етуде.
Еліміздегі көркем гимнастика Әлия Юсупованың есімімен тікелей байланысты. Ерекше талантты қажет ететін бұл спорт түрінен Қазақстан атын әлемге танытып, Олимпиада ойындарында үздік төрттікке енген осы Әлия болатын.
Әлия Юсупова әлемдік көркем гимнастиканың көш басында тұрған Ресейде жаттығып, әйгілі Ирина Винердің, танымал хореографтардың тәрбиесін көрді. Елімізге талай жүлде сыйлаған спортшы бүгінде бапкер атанып, қазақстандық жас таланттардың томағасын сыпыруда.
2006 жылы Дохада өткен жазғы Азия ойындарында Әлия Юсупова жекелей сында топ жарып, командалық бәсекеде чемпион атанған еді. Арада 12 жыл өткен соң Әлияның шәкірттері бапкерінің жетістігін қайталап, Қазақстан құрамасына баға жетпес екі алтын медальды тарту етті.
Джакартадағы күннің ыстығы мен ылғалдылық көркем гимнастика шеберлеріне көп кедергі келтірген болатын. Әсіресе, гимнастар үшін ең қиын элемент саналатын таспамен (лента) жаттығуда спортшылардың барлығы дерлік қателесті. Өйткені, спорт кешенінде орнатылған желдеткіштер таспамен емін-еркін жаттығуға кері әсерін тигізді.
Ал гимнастар үшін таспамен жаттығу ең шешуші сәт саналады. Тіпті, спортшылар арасында «Таспаны ұтсаң, жарысты да ұтасың» деген жазылмаған қағида бар. Тап осы таспамен жаттығуда қазақстандық гимнастар мейілінше қателескен жоқ. Әсіресе, Алина Әділханова мен Адиля Тілекенова қарсыластары үшін алынбас қамал болған жаттығуды мүлтіксіз орындап шықты.
«Қыздар жарады! Ең соңына дейін шыдамдылық танытып, чемпион атанып отыр. Айтарға сөзім жоқ. Біз гимнастарға қандай да бір медаль алу туралы мақсат қоймадық. Әр спортшының мейілінше жақсы өнер көрсетуіне мән берген едік. Міне, олар бар күштерін жұмсап, тартысты бәсекеде топ жарып отыр. Команданың көрсеткішіне көңілім толады. Бұл Азия ойындарына қатысып отырған ең жас құрама. Небары 16-17 жастағы қыз балалар. Осы құрам бізге 2010 жылдан бері бұйырмаған Азиаданың командалық есептегі алтынын қайтарды. Біздің төккен теріміз, еңбегіміз зая кетпеді. Дәл қазіргі қуанышым шексіз. Баршаңызға алғысым зор. Жекелей сында да жүлдеге таласамыз», - деді топтық жаттығудан кейін сұхбат берген Әлия Юсупова.
Бас бапкер алтынға таласамыз деп бекер айтқан жоқ. Командалық бәсекеден кейін жекелей сын басталып, Алина Әділханова тағы да топ жарды. Ол төрт жаттығу қорытындысы бойынша 66.800 ұпай жинап, Азия ойындарының чемпионы атанды. Жылдар бойы жаттығу залында өткізген өлшеусіз уақыттың өтеуі – Азиаданың қос алтыны!
Алина Әділханова бастаған жас гимнастар екі күн бойы жауапкершілік жүгін абыроймен арқалап, ел жанкүйерлерін марқайтып тастады.
Азия ойындары аяқталған соң гимнастарға артылатын міндет тағы да арта түсті. Себебі, олар чемпиондық атаққа кір келтірмей, әлемдік жарыстарда ел намысын қорғау үшін барын салады.
Азия ойындары жұлдызы жаққан бұл спортшылардан біз әлі үлкен ерліктер күтеміз.