Каратеден Қазақстан командасының бас бапкері Азиаданы қорытындылады
Джакартадағы жазғы Азия ойындарында каратешілер бәсекесі өз мәресіне жетіп, барлық салмақта жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. Қазақстан командасының бас бапкері Жасталап Санауов<span> </span>Olympic.kz<span> </span>сайтына сұхбат беріп, өз шәкірттерінің нәтижесіне шолу жасады.
- Азия ойындарындағы басты мақсат – 2 алтын медаль иелену еді. Өкінішке қарай, бір алтынмен қайтып барамыз. Десе де, жалпы команданың аяқ алысын жақсы деп бағалаймын. 55 келі салмақ дәрежесін Азиада бағдарламасынан алып тастағаны да бізге қиын соқты. Өйткені, осы салмақтағы біздің спортшымыз соңғы Азия чемпионатында топ жарған еді. Біздің командада буын алмасу кезеңі жүріп жатыр. Мұны кеше де айттым. Тәжірибелі спортшылардың орнын басатын талантты жастардың бары қуантады, - деді Санауов.
Бас бапкер бүгін чемпион атанған Гузалия Ғафуроваға қатысты өз ойымен бөлісті.
- Гузалия 2014 жылғы Азия ойындарында да жеңімпаз атанған еді. Бұл жолы чемпиондық атағын қорғап отыр. Шыны керек, ол Азиадаға толыққанды дайындала алмады. Бала күтіміне байланысты спорттан біраз алыстап қалған еді. Оның жеңіске деген жігері қуантады. Жартылай финалда қабырғасын ауыртап алғанын да білесіздер. Оның 100 пайыз дайын болмағанын соққыларынан да көруге болады. Еш қиындыққа қарамай, финалда жеңісті жұлып алды, - дейді Жасталап Санауов.