Қазақстан жеңіл атлеттері Джакартаға келіп жетті
Қазақстан жеңіл атлеттері Индонезия астанасы Джакартаға жинала бастады.
Ұлттық құраманың негізгі бөлігі 10 тамыздан бері Малайзияда дайындалған еді. Бүгін олар Куала-Лумпурден Джакартаға келіп жетті. Жарыс 25-30 тамыз аралығында өтеді. Малайзияда 27 атлет жаттыққан болатын. Ал қалған алты атлетке тоқталатын болсақ, Гүлжанат Жанатбек Азия ойындарына Кенияда дайындық жүргізді. Сондықтан ол Джакартаға бірден ұшып келеді. Сорттық жүрістен өнер көрсететін Айман Ратова мен Диана Айдосова,марафоншы Михаил Красилов пен биіктікке секіруші Антон Боднар, орта қашықтыққа жүгіретін Алексей Гусаров та Малайзияда болған жоқ. Олар Алматыдан барады.
Азия ойындарында 41 елден 792 жеңіл атлет сайысқа түседі. Жарыс Джакартадағы «Гелора Бунг Карно» стадионында өтеді. Мұнда жеңіл атлеттер 43 сайыс түрінен бақ сынайды. Ал 20 шақырымға және 50 шақырымға спорттық жүріс және марафонға жүгіретіндердің тас жолы қала көшелерінде орналасқан.
Аталған стадион 1960 жылы тұрғызылған. Өйткені 1962 жылы Джакарта ең алғаш рет Азия ойындарын қабылдады. Сол кезде осы стадион арнайы салынған. Бұл стадион 2007 жылы футболдан Азия чемпионатының ойындарын да қабылдаған. Жеңіл атлетикадан құрлық біріншіліктері 1985, 1995, 2000 жылдары өтті. Бұған дейін стадионға 110 мың адам сиятын болса, осы жолы Азия ойындарының алдында қайта жөндеуден өтті. Сол кезде сыйымдылығы 76 127-ге дейін қысқарды.