Қос қазақ балуаны Азия ойындарында Қытайдың намысын қорғайды
Тамыздың 18-і күні Индонезия астанасы Джакартада ХVIII Жазғы Азия ойындарының жалауы желбірейді. Аталған додада спортшылар 25 олимпиадалық спорт түрінен бақ сынайды, деп жазады prosports.kz сайты.
Сары құрлықтың әр түкпірінен келген спортшылар өз елінің абыройын асқақтату үшін барын салатын болады. Өкініштісі, кейбір қазақ ұландары өзге елдің атынан бәсекеге қатысады. Байтақ қазақ даласының бір шеті болса да тарихи-саяси жағдайларға байланысты басқа елдің меншігіне айналып кеткен жер-суымыз қаншама? Дәл сондай құйқалы жұртымыздың бір жартысы Қытай шекарасының ішінде жатыр.
Жақында Қытайдың Джакартаға баратын спортшылар тізімін қарап отырып, арасынан өз қаракөздеріміздің есімін көзіміз шалды. Атап айтар болсақ, Қытайдың күрес құрамасының сапында екі бірдей қазақ балуаны бар екен.
Еркін күрес түрінен 65 келі салмақ дәрежесінде белдесетін Ерланбек Кәтейұлы еліміз жанкүйерлеріне көптен бері таныс. Қытай құрамасының қатарында Рио-де-Жанейро Олимпиадасына қатысқан. Өз салмағында Қытайда қарсылас шыдатпай жүрген Ерланбек Джакарта төрінде де аталған елдің туы астында өнер көрсетпек.

Оңнан санағанда үшінші тұрған спортшы Уәлихан Серікұлы.
Қазақстандық күрес жанкүйерлері үшін жаңа есім деп Уәлихан Серікұлын айтуға болады. Қытайдың Шынжаң өлкесі, Тарбағатай аймағында туып-өскен Уәлихан грек-рим күресінен 60 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді. Өткен жылы Қытай спартакиадасында қола медаль алып көзге түскен. Содан бері қытайлық бапкерлердің көңілінен шығып, Индонезияда бақ сынау мүмкіндігіне ие болып отыр.
2018 жылғы жазғы Азия ойындары 18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Индонезияның Джакарта қалсында өтеді.