«Астана арландары» Азиада қарсаңында алғашқы жиынын аяқтады
«Астана арландары» мен Қазақстан ұлттық құрамасының боксшылары Джакартада өтетін жазғы Азия ойындарының қарсаңында алғашқы жаттығу жиынын аяқтады.
Алматыдағы АІВА базасында жаттыққан боксшыларымыз бұл жиында жалпы физикалық дайындыққа көңіл бөлді. Енді 4 тамыз күні боксшылар Азиада аясындағы екінші жаттығу жиынын Астанада бастайды.
- Алматыға боксшылардың барлығын жинай алдық. Оңтүстік астанада жігіттер таулы аймақта жаттығып, тастар көтерумен, өрге жүгірумен айналысты. Енді келесі жиынды 4 тамыз күні Астанада бастаймыз. Ол жақта техникалық дайындыққа көңіл бөліп, спаррингтер өткіземіз. Сөйтіп Джакартаға Азиадаға бір апта қалғанда аттанамыз да, Индонезия астанасында тағы да соңғы дайындығымызды пысықтаймыз, - деді «Астана арландары» командасының бас бапкері Нұрлан Ақүрпеков.
Естеріңізге сала кетейік, «Астана арландары» – Дүниежүзілік бокс сериясының үш дүркін чемпионы. Биыл да WSB жобасының финалына шықты. Ақтық айқастағы қарсыласы – «Куба батырлары». 2013 жылдан бері «Астана» Президенттік клубының құрамына кіреді.