Абель Санчес «Канелоның» командасын кінәлады
Геннадий Головкиннің бапкері Абель Санчес «Канеломен» өткен алғашқы жекпе-жектен кейін орын алған қызықты жағдай туралы әңгімеледі, деп жазады prosports.kz.
- Жекпе-жек аяқталып, төрешілер ұпай санын есептеп жатқан кезде, Golden Boy Promotions президенті Эрик Гомес маған жақындап келіп, кездесу нәтижесінің тең болатынын айтты. Ал бұл кезде судьялар шешімін әлі жарияламаған болатын.
Оның төрешілердің шешімін алдын-ала біліп алғаны мені таңғалдырды. Әрі Гомес қалжыңдап тұрған болар деп ойладым. Өйткені біз 12 раундтың кем дегенде сегізінде таза жеңіске жеткенімізге сенімді болдық. Бірақ, төрешілер жариялаған нәтиже мүлде басқа болды. Неге олар жекпе-жек тең аяқталды деп шешкенін түсіну қиын, - деді Санчес ESPN-ге берген сұқбатында.
Естеріңізге сала кетейік, боксшылардың қарымта кездесуі 15 қыркүйекте алғашқы жекпе-жек өткен Лас-Вегастағы T-Mobile Arena спорт кешенінде өтеді.