Эктовалардың қарқыны қуантады

Эктовалардың қарқыны қуантады

Биылғы жазғы маусымға Ирина және Екатерина Эктовалар жақсы дайындықпен келіпті. Осының алдында Ғұсман Қосанов Мемориалында үздік шыққан спортшылар 3-4 шілде күні Қазақстан кубогының екінші кезеңінде топ жарды, деп жазады жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметі.

Екатерина – Иринаның жұбайы Евгенийдің туған қарындасы. Негізі үшеуі де үш қарғып секіру сайысына бейімделген. Дегенмен, Катя биыл басымдықты ұзындыққа секіруге беріп отырған секілді.

Бұған дейін ол 29 маусымда Қосанов Мемориалында 6.15 метрге секірді. Бұл қазақстандық спортшылардың арасындағы осы маусымдағы ең үздік көрсеткіш. Ал кубокта 26 жастағы спортшы 5.76 метрмен шектелді. Алты мүмкіндігінің үшеуін төреші есепке алған жоқ (.73; 5.70 и 5.76 метр).

Эктова жарақатына байланысты бір жылдан астам жарыстарға қатысқан жоқ. Биылғы маусымда жаңа қарқынмен келген секілді. Ұзындыққа секіруден оған бәсекелес болады деген жас спортшылар өздерін көрсете алмады. Екінші орынды Анастасия Заводина еншіледі (5.72 метр). Үштікте Дарина Исмаил бар (5.40 метр).

Катяның жеңгесі тәжірибелі Ирина Эктова кейбір атлеттер секілді Қазақстан кубогының екінші кезеңіне шекеден тыс қараған жоқ. Ол бәсекелестік төмен болса да, жарысқа қатысты. Бірінші кезекте өзіне пайдалы болғандықтан.

31 жастағы спортшы бұған дейін 30 маусымда Қосанов Мемориалында 14.07 метрге секіріп, мамандарды қуанышқа бөлеген. Сарықұрлықта қазіргі кезде Ирина тек Ольга Рыпакова (14.25 метр) мен Таиланд спортшысы Паринья Чуаймароенгтен (14.17 метр) ғана қалып тұр.

Кубоктың екінші кезеңіне үш қарғып секіруден Эктова мен 18 жастағы алматылық Лаура Ахметова екеуі бақ сынады. Қарсыласы жарысты 12.20 метрмен аяқтаса, Иринаның үздік көрсеткіші 13.73 метр болды. Бірақ оған Солтүстік Қазақстан облысының атлетінің көңілі толған жоқ.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Комментарии
Для того, чтобы оставить комментарий, или