Михаил Литвин Қазақстан кубогында топ жарды
3-4 шілде күні Алматыда Қазақстан кубогының екінші кезеңі өтті. Ұлттық құраманың көшбасшылары Қосанов Мемориалынан кейін аздаған демалыс алуды көздеген сияқты. Сондықтан көбісін Орталық стадионнан байқаған жоқпыз, деп жазады жеңіл атлетика федерациясының ресми сайты.
Арасында бірлі-жарым танымал алеттер қатысты. Соның бірі – Михаил Литвин. 29 маусымда Қосанов Мемориалында ол 400 метрге жүгіруден 34 жыл бойы сақталған Қазақстан рекордын жңартқан. Қазақстан кубогының екінші кезеңінде Литвин 200 және 400 метрге жүгіруден қатысты.
Солтүстік Қазақстан облысының спортшысы бұл жолы 45.50 секундта жүгірмесе де, қарсыластарынан айтарлықтай озып кетті. 22 жастағы спортшы мәреге 47.36 секундта келді. Екінші орын түркістандық Эльнур Мухитдиновке бұйырды. Үштікте Керекуден келген Виктор Рябов бар (50.25 сек.).
Михаил сондай-ақ 200 метрге жүгіруден де жеңіске жетті (21.38 сек). Күміс жүлдеге тәжірибелі Алматының облысының спортшысы Григорий Володин ие болды (22.18 сек.). Үштікті 19 жастағы алматылық Руслан Никитин қорытындылады (22.38 сек).