Әбілхан Аманқұл: WSB финалы қай жерде өтсе де жұдырықтасуға дайынбыз
Дүниежүзілік бокс сериясының финалында «Астана арландары» мен «Куба батырлары» жолығады. Осы орайда Қазақстан Ұлттық құрамасы мен «Арландардың» беделді боксшысы Әбілхан Аманқұлмен сұқбат құрған болатынбыз.
- Оқу-жаттығу жиындары қалай өтті?
- Түркияның Белек қаласында оқу-жаттығу жиына бардық. Бәрі жақсы, ойдағыдай өтті.
- Жақында Астанада өткен Президент кубогында қарсылас шақ келтірмедің. Турнирдің қандай деңгейде өтті?
- Турнир өте жоғары деңгейді өтті. Қарсыластарымның бәрі мықты болды. Жарыста елінің 1-ші нөмірлі боксшылары жиналған.
- Финалда Ерік Әлжановты жеңдің. Жекпе-жек қалай өтті?
- Ерік Әлжановпен шаршы алаңда осыған дейін 3 мәрте жолыққанмын. Бір-бірімізді жақсы білеміз, сондықтан жекпе-жек аса қиын болған жоқ. Ерік мықты қарсылас, дегенмен бұл жолы менің бағым жанды.

- «Астана арландары» сапында WSB финалына шықтың. Биылғы маусым несімен есте қалды?
- Иә, есте қаларлық сәттер өте көп. Командамыздың ақтық сынға мүдірмей шыққанына қуаныштымын.
- Жартылай финалда жұдырықтасқан британиялық боксшыларға қандай баға бересің?
- Қарсыластарымыз қарымды болды. Британиялық команданың әр боксшысы өзінше мықты әрі қиындық туғызды.
- Енді алда WSB финалы күтіп тұр. Дайындық қалай өтіп жатыр?
- Дайындық жалғасып жатыр. Тоқтамаймыз. Финалға жақсы дайындықпен шығамыз.
- Жалпы, Куба боксшыларына қандай баға бересің?
- Олардың құрамында өте мықты боксшылар жиналған. Барлығы дерлік әлемдік рейтингіде жоғары орындарға ие.
- «Cuba Domadores» сапында сенің салмағында Арлен Лопес өнер көрсетеді. Арленнен WSB аясындағы жекпе-жекте ұтылып, Әлем чемпионатында кеткен есеңді қайтардың. Финалда кездесіп жатсаңдар, қандай тактика қолданасың?
- Бір-бірімізді жақсы білеміз. Осыған дейін қолданған тактикамды қолданатын шығармын.
- Биыл WSB финалы бейтарап алаңда өткелі отыр. Бұл фактор қаншалықты әсер етеді?
- Финал қай жерде өтсе де, барып жұдырықтасуға дайынбыз.