Ғұсман Қосанов Мемориалына 10 елден 300-ге жуық спортшы қатысады
Маусым айының басты жарысы – Ғұсман Қосановты еске түсіруге арналған Мемориал. Биыл бұл жарысқа 10 елден 300-ге жуық спортшы қатыспақ, деп хабарлайды Prosports.kz жеңіл атлетика федерациясының ресми сайтына сілтеме жасап.
Рим Олимпиадасының күміс жүлдегері атындағы дәстүрлі жарысқа Қазақстаннан бөлек, Иран, Өзбекстан, Грузия, Тәжікстан, Сирия, Әзірбайжан, Түркіменстан, Кения, Қырғызстан спортшылары қатыспақ.
Малайзия мен Бахрейн әр түрлі себептерге байланысты жарысқа келе алмайтын болды.
Әзірбайжаннан 22 жастағы спринтер Закия Гасанова, ерлер арасында 110 метрге жүгіретін Рахиб Мамедов секілді атлеттер келеді. Алғашқысы бұған дейін қаңтар айында Ольга Рыпакованың жүлдесіне арналған турнирде өнер көрсеткен. Ол кезде Виктория Зябкинаға ғана есе жіберіп, күміс жүлде еншілеген. Ал Мамедов бір кездері Еуропаның жасөспірімдер арасындағы чемпионатында үшінші орын алған.
Грузиядан ядро серпуші Георгий Муждаридзе бар. Маусым айындағы жарыстардың бірінде ядроны 19.52 метрге серпіген екен. Үш қарғып секіруден 25 жастағы Лаша Гулелаури қатысады. Аталған спортшының жеке рекорды – 16.96 метр.
Тәжіктердің құрамында есепке алатын спортшылар жетерлік. Былтырғы жылы қатысқан 400 метрге жүгіруші Даврон Атабаев, 800 метрге жүгіруші Одилшох Исматов, биіктікке секіруші Хуснуддин Зарипов осы жолы тағы да бақ сынамақ.
Ираннан 2017 жылғы Ғ. Қосанов Мемориалында 800, 1500 метрге жүгіруден топ жарған Мослима Ниадууста Алматыда өнер көрсететінін мәлімдеді. Сондай-ақ Сайар Милад (110 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру), Кейван Гханбарзаде (биіктікке секіру) бар.
Соңғы жылдары ядро серпуден жерлесіміз Иван Ивановтың алдын жиі орап жүрген Али Самари де келетін болады. Ол 2017 жылы Азия чемпионатында жеңіске жеткен.
Кениядан «Гауһар лига» турнирінің мамыр айындағы кезеңінде жеңіске жеткен, 5000 метрге жүгіруші Каролин Кипкируидің өнеріне куә боламыз.
Айта кетейік, Ғұсман Сыйтықұлы Қосанов 1935 жылы 25 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданы, Изатулла ауылында дүниеге келген. Олимпиада ойындарына тұңғыш қатысқан және Олимпиада жүлдесiн тұңғыш жеңiп алған қазақ атлеті.һ