Стивенсон чемпиондық белбеуін Гвоздикке жекпе-жексіз бере салмақ па
Осыдан тұп-тура бір ай бұрын Торонтода швециялық Баду Джекті жеңіп, бірінші ауыр салмақтағы WBC чемпиондығын қорғап қалған канадалық Адонис Стивенсон келесі кездесуін украиналық Олександр Гвоздикке қарсы өткізуі керек. Әйтпесе, белбеуінен айрылады.<span id="more-6718" />
Дүниежүзілік бокс кеңесі бүгінгінің ең кәрі боксшысы Адонис Стивенсонға 29 маусымға дейін уақыт беріп отыр. Егер алдағы 10 күннің ішінде боксшылар өзара айқас туралы келісе алмаса, онда жекпе-жек промоутерлік саудаға түседі.
Айта кетейік, Стивенсонның украиналық боксшымен кездескісі жоқ. Өйткені, біріншіден Гвоздик әлі ешкімге танымал емес. Бұл жекпе-жек үлкен табыс әкелмейді. Ал екіншіден, әлеуеті зор украиналық боксшы канадалық алыпты жеңіп те кетуі мүмкін. Сондықтан, дәл қазір Адониске бұл жекпе-жек тиімді болмай тұр.
Өз кезегінде мамыр айында Баду Джекті жеңген Стивенсон швециялыққа реванш бергісі келген. Бірақ, Дүниежүзілік бокс кеңесі оның бұл ойын шорт кесті. Оның ендігі міндетті қарсыласы – Олександр Гвоздик.
Амал жоқ, Адонис Стивенсон Дүниежүзілік бокс кеңесінің талабына көнетін сияқты. Дегенмен, оның промоутері, әккі Эл Хэймон қайтер екен? Жекпе-жекке жеткізбей, белбеуді қайтарып бере салса да, таңғалмаймыз.