Альварес Головкинмен реванштан бас тартып, Джейкобспен келіссөзді бастады
«Канелоның» промоутері Оскар Де Ла Хойяның айтуынша, олар соңғы келіссөздерде компромиске бармақшы болған, бірақ Головкин бұрынғы талабынан қайтпай тұрып алған.
ESPN басылымының хабарлауынша, тараптар қыркүйекте қайта кездесу өткізу туралы келіссөздер жүргізген. Алайда Головкин жүлде қорының жартысын талап еткендіктен ортақ шешімге келе алмаған. Ал, Альварес тарапы чемпионға 35 пайызын беруге дайын болған.
Де Ла Хойяның айтуынша, Голвкинмен келіссөз жүргізу аяқталды. Бүгінде олар 15 қыркүйекте Лас-Вегастың T-Mobile аренасында орта салмақтағы әлемнің экс-чемпионы америкалық Дэниэль Джейкобсқа (34-2, 29 КО) кездесу өткізу туралы ұсыныс жасаған.
«Головкин алған бетінен қайтпады, 50 пайызды сұрады. Енді «Канело» пойызы станциядан кетіп қалды. Бүгінде 15 қыркүйекте «Канеломен» кездесу өткізу туралы ұсыныс Джейкобсқа жасалды. Оның промоутері Эдди Хирниге бұл ұсыныс ұнады, бізге де ұнап тұр. Біз жай ғана алға жылжудамыз. Біз Альварестің қыркүйектегі қарсыласы барыншы күшті болғанын қалаймыз», - деді ол.
Келісім жасаудың соңғы мерзімі осы айдың ортасы, ары қарай кездесуді өткізу бойынша ұйымдастыру жұмыстары жүргізілетін болады.
«Біздің демеушілер дайын, біз тек ең үздік айқасты көрсеткіміз келеді. Джейкобс Головкин үшін нағыз сынақ жасады. Біраз адам бұл кездесуде Джейкобс жеңді деп санайды. Мен ол «Канело» үшін ең қиын қарсылас болады дей алмаймын, алайда GGG-мен өткізген кездесуден бұл кездесу тартысты болуы мүмкін», - дейді промоутер.