Тұраровтың менеджері: Жанқоштың оқиғасы PR емес
Бүгін әлеуметтік желілерде қазақстандық кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраровтың белгісіз біреулермен жаға жыртысып қалған сәті жазылған видео таралды.
Әлденеге келісе алмаған жігіттердің дау-дамайының соңы қарудан оқ атуға алып келген. Күтпеген жерден көзделген мылтықтан Жанқош жалтарып үлгермегенде істің арты насырға шабуы да мүмкін еді.
Желіде жанкүйерлері Жанқошты жақтап, тентектерді жазалауды сұрауда. Ал кейбіреулер бұны қара PR деп есептеуде.
Осы оқиғаның анық-қанығын білу үшін Prosports.kz сайтының тілшісі боксшының менеджері Серік Ноянға хабарласқан болатын.
- Боксшы бір жыл бойы шаршы алаңға шыққан жоқ. Осы уақытта хабарласуы да азайып кетті. Оған енді мына оқиға қосылды. Соған қарағанда Тұраров тура жолда жүрмеген көрінеді.
Кейбіреулер бұның жарнама екені жайлы айтып жүр екен. Бірақ, бұл ешқандай да PR емес, шын болған жағдай, - дейді Серік Ноян.
Естеріңізге сала кетсек, Жаңқош Тұраров кәсіпқой бокста 22 рет жеңіске жетіп, оның 15-ін нокаутпен аяқтаған. Соңғы жекпе-жегін 9 қыркүйек күні, Астана қаласында аргентиналық Бруно Леонардо Ромэйге (21-5-0, 18 КО) қарсы өткізіп, ұпай санымен жеңіске жеткен болатын.