Қазақстандық боксшы Данияр Елеусіновтың Лондон қаласында кездесетін қарсыласы өзгерді. Бұл туралы оның менеджері Зия Алиев айтты, деп хабарлайды prosports.kz сайты Baq.kz-ке сілтеме жасап.
Данияр Елеусіновтің қарсыласы ауысты
Бастапқыда қазақстандық спортшының қарсыласы Габор Горбич болуы тиіс еді. Алайда 30 жастағы боксшы спарринг кезінде жарақат алып, шаршы алаңға шыға алмайтын болды. Нәтижесінде Елеусінов енді Венгрияның басқа өкілі – Золтан Шабомен кездеседі.
24 жастағы Шабо кәсіби бокста 2016 жылы дебют жасаған. Ол карьерасындағы алғашқы 9 кездесуде жеңіске жетіп, кейінгі жекпе-жектері сәтсіз бола бастады. Шабо Ұлыбританияда жеті рет жұдырықтасқан. Венгриядан бөлек ол Германия, Украина, Италия және Ресей жерінде кездесулер өткізген.
7 маусым түні Елеусінов Лондон қаласында York Hall аренасында өтетін бокстың андеркартында жұдырықтасады. Қазақстанда оның жекпе-жегі Астана қаласының уақыты бойынша 01.55-те көрсетіледі.
Естеріңізге сала кетсек, Елеусінов кәсіби бокста биыл 28 сәуірде дебют жасаған еді. Отандасымыз үш раундта америкалық Нао Киддті нокаутқа жіберді.