Altay athletics club спортшысы Үндістандағы халықаралық жарыста қола жүлдеге ие болды
Altay athletics кәсіби жеңіл атлетика клубының мүшесі Каролин Кипкируи Үндістанның Банголор қаласында өткен халықаралық жарыста жүлдегер атанды, деп жазады жеңіл атлетика федерациясының ресми сайты.
Каролин Кипкируи өзі қатысқан жарыстың ешқайсысынан құралақан кеткен емес. 27 мамырда ол Банголоредте қола жүлдеге ие болды. Бұл жарыста 10 шақырымға жүгіретін ерлер мен әйелдер қатысады. Коммерциялық жарыстардың қатарына жататын бұл дода халықыралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының аясында өтеді. Сондай-ақ Gold label road races сериясына кірген.
Банголорға ұзақ қашықтыққа жүгіретін әлемдік жұлдыздардың көбісі келді. Оның ішінде Африка құрлығының мықтылары Үндістанда бас қосты.
Әйелдер арасындағы негізгі бәсекелестік қос кениялық Агнес Тироп пен Каролин Кипкируи және Эфиопия спортшысы Сенбере Тефери арасында өрбіді.
Тироп – кросстан 2015 жылғы әлем чемпионы және 10 мың шақырымға жүгіруден 2017 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері. Тефери – 5 мың шақырымға жүгіруден 2015 жылғы Пекиндегі әлем чемпионатының күміс жүлдегері.
Мәреге жеткенде үшеуінің арасын санаулы секундтар ғана бөліп тұрды. Бірінші орын алған Тироптың уақыт көрсеткіші – 31:19. Тефери екінші келді – 31:22, үштікті Кипкируи қорытындылады – 31:28.
Айта кетейік, бір апта бұрын Altay athletics club спортшысы 5000 метрге жүгіруден Бостонда (АҚШ) өткен халықаралық бәсекеде топ жарған. Мамыр айының басында Кипкируи Дохадағы «Гауһар лигада» 3000 метрге жүгіруден екінші келген. Оның алдында Прагадағы жартылай марафонда күміс жүлдеге ие болған.