Жанат Жақиянов: Мартиросян қарсылас ретінде әдейі таңдалған
Біраз уақыт бұрын кәсіби бокста атой салған отандасымыз, жеңіл салмақта әлем чемпионы болған Жанат Жақиянов prosports.kz сайтына сұқбат беріп GGG-дің соңғы жекпе-жегі туралы пікірін білдірді.
- Армысыз, Жанат! Головкиннің Мартиросянға қарсы жекпе-жегі көңліңізден шықты ма?
- Әрине. Геннадий мен Ванес арасындағы жекпе-жек, біріншіден, жақсы шоу болды. Көрермендерге ұнады. Трипл Джи 36 жасында жылдамдығын жоғалтпағанын, бойында күш-жігері тасып тұрғанын аңғартты. Әлбетте, Мартиросян Геннадийдің деңгейінде емес, мұны бәрі түсініп тұр. Алайда мына нәрсеге мән берген жөн, Гена осы жекпе-жекке дейін екі бірдей ауыр кездесу өткізді. Ол да адам, ол да шаршайды. Бокстың тактикасы бар, келесі ауыр жекпе-жек алдында оған практика керек болғандықтан Ванес қарсылас ретінде таңдалған болуы мүмкін. Өйткені жуырда ол Альвареске қарсы екінші супер матч өткізеді.
- IBF ұйымы қазақ жанкүйеріне жақсы таныс Сергей Деревянченконы Головкинге міндетті қарсылас деп бекітті. Украиналық жігіт Геннадий үшін қауіпті қарсылас па?
- Өте мықты қарсылас деп айта алам. Өйткені Сергей осы күнге дейін кәсіпқой рингте 15-ке жуық күшті жекпе-жек өткізді. Ол «Астана Арланс» сапында болғанда қарымын байқадық. Соққысы жойқын, адуынды боксшы. Генаға қиын болады.