Ерлан Қожасбай: Көшбасшы балуандардың ұтылғаны мені қуантады
Жуырда күрес түрлерінен Қазақстан чемпионаты аяқталды. Дүбірлі додада күтпеген нәтижелер көп тіркелгені көпшілікке мәлім. Грек-рим, еркін және әйелдер күресінің вице-президенті, еркін күрестің жетекшісі Ерлан Қожасбай мырза осы және күрестегі басқа мәселелер жайлы айтып берді.
- Мені көшбасшылрдың ұтылғаны қуантады. Бұл жоғары бәсекелестік пен болашақта үміт артар балуандарымыздың бар екенін білдіреді. Мысалға, 61 келіде былтыр 23 жасқа дейінгі әлем чемпионатында күміс медаль иеленген Қуат Әміртаев чемпион атанды. Қуат финалда Владимир Кудринді ұтты. Ал Кудрин осы салмақтың көшбасшысы Нұрислам Санаевты тізе бүктірді. Бұның барлығы мені қуантар жоғарғы бәсекелестіктің белігісі.
Ал 65 келіде айқын көшбасшы саналаған Азияның үш дүркін жеңімпазы Дәулет Ниязбеков те финалда ұтылды. Ия, Саятбек Оқасов жас балуан емес. Сонда да көшбасшы балуанның ұтылуы күтпеген нәтиже болды.
92 келіде жас балуанымыз Нұрғайыпұлы Нұрғали бірінші нөмірлі Илизхан Чилаевты жеңді. Нұрғали бұған дейін үнемі жүлдегерлер қатарында жүрген. Ал осы жолы алтын медаль иегері атанды.
Сонымен қатар, Аширов, Өсербаев, Шабанбай сынды мықты балуандарымыз жарыста сәтсіз өнер көрсетті.
- Азия ойындарына ел чемпионатының жеңімпаздары аттанады ма?
- Әрине, таңдар алдында жеңімпаздар жағында басымыдылық болады. Алайда, соңғы сөз бапкерлер кеңесіне беріледі.
- Осы біріншілікте сіздің көңіліңізден шыққан балуандар бар ма?
- Мен сізге бір емес, бірнеше есімді атайын: Саятбек Оқасов, Жандос Исмаилов, Данияр Қайсанов және Қуат Әміртаев.