Ұлттық спорт

Қазақстанның алғашқы «Халық Барысы» анықталды

Қазақстанның алғашқы «Халық Барысы» анықталды
news-banner7
mobile-news-top

Алматыда алғаш рет ұлттық спорт түрі белдесуден ашық республикалық «Халық Барысы» турнирі өтті. Байрақты бәсекенің жүлде қоры 20 миллион теңгені құрады, деп хабарлайды ақпараттық және спорттық ХАБ.

Қазақстанның әр аймағынан келген балуандар «Сұңқар» халықаралық шаңғы трамплиндер кешенінде жарыс жолына шықты. Жекпе-жектер дәстүрлі боз кілемде емес, жасыл шөп төселген арнайы кілемдерде ұйымдастырылды. Спорттық шараның салтанатты ашылу рәсімі бір күн бұрын Отан қорғаушылар күні «Халық Барысы» турниріне арналған гала-концертпен басталды. Сонымен қатар, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, xалықаралық қазақ күресі Федерациясының басшысы, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, «Қазақстан барысы» идеясының авторы Арман Шораев құттықтауларын жеткізіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Салтанатты шараның ресми бөлімі эстарадамыздың жарық жұлдыздары Қайрат Нұртас, Мейрамбек Беспаев, Мадина Сәдуақасова, Ұшқын Жамалбек, Ерболат Құдайбергенов, Маржан Арапбаева және өзге де әншілердің өнеріне ұласты.

Айта кетер жайт, бұл күрес түрі әлем бойынша Олимпиада ойындарына кірмейтін спорт түрлері қатарына ресми түрде еніп, ЮНЕСКО-ның қолдауына алынған. Алғашқы ашық республикалық «Халық Барысы» турнирі Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

- Көне күресімізді жаңғырту мақсатында белдесуден осындай турнирді алғаш рет өткіздік. Белдесу қазақ күресінің бір тармағы болғанымен, киім үлгісімен, жеңіл ережелерімен ерекшеленеді. Жапонияда дзюдомен қатар сумо бар, дәл солай бізде де қазақ күресімен қатар белдесу болады. Осы бәсекені ұйымдастырып жатқан қала әкімдігі мен Алматы қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасына шексіз алғысымды білдіремін. Белдесу xалықтың көңілінен шығып, ел қызығып, тамашалайтын спорт түріне айналатынына сенімдімін. «Халық Барысы» жыл сайын өткізіліп, еліміздің игі дәстүріне айналады деген ойдамын, - деп бөлісті Арман Шораев.

Белдесу палуанның жасы мен салмағына шектеу қойылмайтын нағыз халықтық спорт. Осы турнирдің бірден-бір ерекшелігі де сол, жарысқа 18-50 жас аралығындағы барлық қалаушылар қатыса алады.

Аламан доданың нәтижесінде, балуандардың ішінен жүзден жүйрігі, мыңнан тұлпары анықталды. Қызықты да тартысты финалдық жекпе-жектің жеңімпазы «Алматы Барысы-2015» чемпионы Мақсат Қиқимов атанды. «Күш атасын танымас» демекші, 80 келі салмақтағы Мақсат Қиқимов 100 келі салмақтағы қарсыласын, Талғат Жиентаевты тізе бүктірді. Ал қола жүлдені Айтуар Абдулов олжаласа, төртінші орынды Әділет Дауланбаев қанағат тұтты.

- Жеңіс оңай берілген жоқ. Жарысқа мықты палуандар, күрестің барлық түрлерінің спорт шеберлері қатысты. Елбасымызға ұлттық спорт түрлерін дамытып жатқаны үшін алғыс білдіремін. Сонымен қатар, жанкүйерлер мен ұйымдастырушыларға ризашылығым шексіз, - деп бөлісті Мақсат Қиқимов.

«Халық Барысы» жеңімпазы алтын белбеу мен 10 млн. теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Ал екінші, үшінші және төртінші орын иегерлеріне 5,3 және 2 млн. теңге көлемінде ақшалай ұтыстар табысталды. Сонымен қатар, барлық палуандарға лауазымды тұлғалар атынан шапан жабылды.

Ошибка в тексте? Выделите и нажмите Ctrl+Enter
Пікірлер