Головкиннің бапкері боксшының алдағы жекпе-жекте қарсыласы кім болатынын айтты
Қазақстандық боксшы Геннадий Головкиннің бапкері Абель Санчес боксшының алдағы жоспарлары туралы айтты.
- Біз алдағы 3 аптаның ішінде командамызбен жиналып, барлық нұсқаларды талқылаймыз. Егер «Канело» болмаса, үстелге кім келетініне қарайтын боламыз. Бірақ Головикннің қарсыластары көп ақша сұрайды. Сондықтан кейде бұл мүмкін емес. Сондерс Джейкобспен жекпе-жекке шыққаны үшін 7 миллион доллар алғысы келетінін айтқанда, Головкинмен жекпе-жек үшін қанша ақша сұрайтындарын елестетіп көріңізші. Оның үстіне боксшылардың бірден 4 белбеуге ие болуға мүмкіндігі бар. Егер бұл жекпе-жек «Канеломен» болмаса, өз басым жекпе-жектің Муратамен болғанын қалар едім. Бұл ең жақсы нұсқа. Себебі бұл Жапония үшін өте беделді болады, – дейді Абель Санчес.
Айта кетсек, жапониялық боксшы Риота Мурата (14-1, 11 КО) – WBA нұсқасы бойынша орта салмақ дәрежесінде «тұрақты» әлем чемпионы. Бұған дейін Мурата да Головкинмен жұдырықтасқысы келетінін айтқан еді.