Арыстанбек Мұхамедиұлы боксшы Головкинді жеңісімен құттықтады
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қазақстандық боксшы Геннадий Головкинді жеңісімен құттықтады.
«Теңдессіз, жеңіліп көрмеген, әйгілі Чемпион, ең беделді сыйлықтар мен титулдардың иесі Геннадий Головкин тағы да жеңіске жетті! Біздің нағыз батырымыз GGG мен оның жанкүйерлерін жеңісімен құттықтаймыз.
Құрметті, Геннадий Геннадиевич, қазақстандықтардың барлығы сіздің жеңетініңізге сенді. Америкалық Ванес Мартиросянмен жекпе-жекте сіз өзіңіздің боксшы ретіндегі ерекше қасиеттеріңізді көрсеттіңіз және қазақстандық бокс мектебінің әлемдегі үздік мектептердің бірі екенін кезекті рет дәлелдедіңіз. Ал сіз – бұл мектептің үздік өкілісіз», – деп жазды Арыстанбек Мұхамедиұлы<span> </span>Facebook<span> </span>желісіндегі парақшасында.
Министрдің сөзінше, Головкиннің жекпе-жегі әлемдік бокстың дамуына үлкен үлес қосуда.
«Сіздің әр жеңісіңіз жастардың жүрегіне өз күшіне деген сенімділік береді. Сізге шын жүректен зор денсаулық, отбасыңызда береке және рингте жаңа жеңістерге жетуіңізді тілеймін», – дейді министр.